Шымкентте бірнеше ықшам ауданның тұрғындары магистральды су құбырында болған апаттың салдарынан сусыз қалды

Мекеме ақпаратына сәйкес, 4 желтоқсан күні 21 сағат 30 минутта Қазыбек би мен Тұрар Рысқұлов көшелерінің қиылысындағы магистральды су құбыры жарылған. "Сағат 22.00-де насостар толығымен өшірілді, ал сағат 24.00-де тұрғын үйлерге су беру түгел тоқтатылды",-деп хабарлайды баспасөз қызметінің қызметкері.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, қазіргі кезде барлық төрт жөндеу бригадасы су құбырын қалпына келтіру шараларын жүргізуде. "Әзірге жөндеу жұмыстарының аяқталу мерзімі белгісіз, бірақ су кешке қарай берілуі тиіс",-деді баспасөз қызметінің өкілі.

Қазіргі сәтте "Отырар", "Восток", "Север","Сайрам", "Спортивный", "Айқап", 17-ші және 18-ші ықшам аудандар және Байтұрсынов көшесіндегі бірнеше тұрғын үй сусыз қалып отыр.

Мамандардың пікірінше магистральды су құбырының зақымдануына топырақтың отыруы себеп болған.


Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті