Шымкентте биыл жазда болған әйел өлтіру оқиғасының беті ашылды

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, 28-маусымда облыстың орталық стадионында 34 жастағы Татьяна Лимнің өртенген мүрдесі табылған болатын. Тексеру кезінде ол жеті жерінен пышақталу салдарынан қайтыс болғаны анықталған. Өлімге кінәлі күдікті ретінде оның танысы Валерий Геворкян ұсталып, соңынан айғақтардың жеткіліксіздігінен босатылған еді.

Жедел тергеу шараларының нәтижесінде полиция қызметкерлері бұған дейін сотқарлығы мен ұрлығы үшін сотталған 24 жастағы жігіттің ізіне түсе бастады. Оның пәтерінен өлген әйелдің ұялы телефоны мен заттары табылды. 7-қарашада күдікті тұтқынға алынды.
Тұтқынның айтуынша, ол әйелмен соның алдында ғана танысыпты. Күдіктінің уәжіне жүгінсек, бастапқыда онымен жыныстық қатынас жасауға келіскен әйел стадионға келгеннен кейін райынан қайтқан. Бұған ашуланған әлгі әйелді алдымен зорлап, соңынан жазадан қорқып пышақтап өлтірген. Бұнымен ғана шектелмей, қылмыскер өлікке керосин шашып, өртеп жіберген.
М.Бекболовтың айтуынша, аталмыш қылмыстық іс қысқа мерзімде сотқа жіберіледі.