Шымкентте екі бірдей тәртіп сақшысын жарақаттаған есірткі саудагері сотталды

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, 2003-жылдың қыркүйек айында Оңтүстік Қазақстан облыстық ІІББ-ның есірткі саудасымен күрес бөлімінің қызметкерлері есірткі сатушы мен делдалдың аты-жөнін анықтаған. Өздерін сатып алушы ретінде таныстырған тәртіп сақшылары есірткі сатушыларға 5 кило героин үшін 25 мың доллар ұсынады. Кездесу қала маңындағы Забадам елдімекеніндегі бір жай үйде болған. Тұтқындау шарасы кезінде есірткі сатушы Калашников автоматынан оқ жаудырып, қарулы қарсылық көрсеткен. Соның кесірінен екі бірдей тәртіп сақшысы жарақаттанды. Есірткі сатушы мен оның сыбайласы ұсталды.

Бұған дейін тонаушылығы және алаяқтығы үшін үш мәрте сотталған Т.Қасымов тергеу барысында тәртіп сақшыларын есірткіні тонауға келген қарақшылар екен деп қалдым деп мәлімдеді.
Т.Қасымовты аса қауіпті қылмыскер деп таныған сот оны 14 жылға бас бостандығынан айырып, жазасын қатаң тәртіпті түрмеде өтеуге кесті. Оның сыбайласы Ж.Асырбеков қатаң тәртіпті абақтыға 10 жылға қамалды.