Шымкентте екі жаңа жедел жәрдем станциясы ашылды

"Турлан экспедициясы ауылы мен Қайтпас-1 ықшамауданында екі кіші станцияның ашылуы осы аудан тұрғындарына жедел жәрдем көмегін бұрынғыдан жылдамырақ алуға мүмкіндік береді", -деді қалалық жедел жәрдем станциясының бас дәрігері Талғат Есқараев тұсаукесер рәсімінде.

Жаңа екі станцияда 11 бригада жұмыс істейді. Олар қажетті техникамен және білікті дәрігерлермен қамтамасыз етілген. Қалалық жедел жәрдем станциясында қазір 50 бригада бар. Статистикалық бөлімнің мәліметіне сәйкес, 2007 жылы Шымкентте жедел жәрдем 153 175 шақыруға барған. Ресми мәлімет бойынша Шымкентте 600 мыңдай адам тұрады.