Шымкентте екі жүзге тарта адамды балмұздақпен "улаған" кәсіпкер сотталды

Бүгін Шымкенттегі Әл-Фараби аудандық сотында балмұздақ жасау кезінде санитарлық талаптарды өрескел бұзған кәсіпкер бір жылға бас бостандығынан шектелді, деп хабарлайды тілшісі. 

Аудандық соттың судьясы Талғат Қахаров кәсіпкер Дилмурат Ишмуратовты Қылмыстық кодекстің 304-бабы ("Санитариялық қағидаларды немесе гигиеналық нормативтерді бұзу") бойынша айыпты деп танып, бір жылға бас бостандығынан шектеді. Сондай-ақ, кәсіпкер 3 жыл бойы қоғамдық тамақтану саласында жұмыс істей алмайды. Жәбірленушілерге бір жарым миллион теңге көлемінде моральдық шығын төлеуге міндеттелді.

Сот тергеуі кезінде кәсіпкердің кінәсі дәлелденіп, ол тиісті санитарлық тәртіпті сақтамағанын толық мойындаған.

Естеріңізге сала кетейік, 29 наурыз күні Шымкенттегі "Южный"кафесінің жанында орналасқан дүңгіршектен балмұздақ сатып алған тұрғындар уланып қалған болатын. Бір аптаның ішінде 188 адам ауруханаға түсті. Уланғандардың 101-і ересек, 39-ы бала мен 48-і жасөспірім. 


Кейіннен облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті уланғандардың 31-і сальмонеллёз, 13-і стафилококк инфекциясын жұқтырғанын хабарлаған. Балмұздақ дайындаған 12 қызметкердің бесеуінен сальмонеллёз және стафилококк бактериясы табылғаны белгілі болды.