2-мамыр күні күндізгі сағат 12-де конференция өтуге тиіс "Турист" қонақүйіне екі автобус келіп жеткен. Оларда "Сіздер ұлттың ұятысыздар", "Тұрақтылықты бордай тоздырмаңыздар", "Біз президенттің саясатын қолдаймыз", "Оңтүстікте төңкеріске жол жоқ" деген жазуы бар үнпарақтар ұстап алған бір топ жастар болған.
Автобуспен келгендер қонақ үйге кіре алмаған. Күзетшілер тек шақыру билеттері бар адамдарды ғана ішке қарай жіберген. Сонымен бірге күзетшілер конференциядан кейін баспасөз мәслихаты өтеді деген сылтаумен ішке журналистерді де жібермеген. Бұған ашуланған жастар шабуылға көшіп, күзетшілерді жапырып ішке өткен.
Қонақ үйге кірген ереуілшілер оппозиция мүшелеріне қолына не түссе соны лақтыра бастаған. Соның салдарынан "Әділетті Қазақстан үшін" қозғалысының жетекшілері оқиға орнынан қашып бас сауғалауға мәжбүр болады.
Оппозиция мүшелері оларға қарсы шара алдын-ала ұйымдастырылған деген пікірде. "Өз басым бұл шараны қолма-қол ұйымдастырған басты идеологы кім екенін дөп басып айта алмаймын. Бірақ бұл -биліктің ісі дегенге сенімім кәміл. Оқиға болған жерде облыстық ІІББ-ның, ҰҚКД-нің, Астананың, облыстық әкімшіліктің адамдары болғанына куәгерлер көп. Бұл - бейберекет өткізілген наразылық шарасы емес. Оған қатысқан жастар шын мәнінде біздің кім екенімізден мүлдем бейхабар",- деді Ж.Тұяқбай.
Ал облыстық әкімшіліктің кейбір шенеуніктерінің пікірінше, оқиғаның бұлайша өрбуіне бас қосуды ұйымдастырушылардың шараны бұқарадан жасырып, орынды бірнеше мәрте өзгертіп, бұқпантайлап өткізбек болғаны әрекеті түрткі болды. Күзетшілердің шараға БАҚ өкілдерін жібермеуі де отқа майды құя түскен. Тіпті оқиға орнына кірмек болған бір журналист қыздың қолын есікке қыстырып тастаған оқыс оқиға да көрініс берді.