Мына жарықтар он күн ішінде пайда болыпты. Күніне бірнеше сантиметрге созылып, айрылып бара жатқанын байқаған тұрғындар қарап отырмай бөлініп бара жатқан дуалға қағазбен таңба салуға кіріскен. Қабырғаның қақырап бара жатқаны таңбасыз-ақ білініп тұр.
Елена Безверхая, апатты үйдің тұрғыны:
- Түнде қабырғаның айрылып жатқаны естіледі. Сықырлап-шытырлап зәреңді алады. Дәл мына бойымен кете берсе, көп ұзамай үй емес үйіндінің астында қаламыз ба деп қорқамыз.
Қисайып бара жатқан үйге таңба салып, зерттеп жүргендердің алды Альберт Мирзоев. Себебі, алғашқы болып қабырғадағы сызат өзінің үйінен басталып, сызат жарыққа айналыпты. Пәтер қабырғасының қисайғаны сонша түсқағаздар жыртылып, есіктер ашылып-жабылудан қалған.
Пәленің басы есік алдындағы құбырларды жөндеуден басталған екен. Сызат пайда болмастан бірнеше күн бұрын, қалалық су арнасының қызметкерлері келіп, есік алдын қазған. Сол кезде құбырды жарып жіберген болуы керек. Су дәл осы үйдің алдына жиналып, үй тұрған орын отыра бастапты. Тек, аудан әкімі бастап келген делегация тұрғындардың қолына «бұл үйде тұруға болмайды» деген бір парақ қағаз тастап, содан кейін көрінбепті.
Валентина Михеева, апатты үйдің тұрғыны:
- Төтенше жағдайлар қызметінің өкілдері келіп мұнда тұру қауіпті деді де кетті. Қалалық су арнасы келіп, бұл біздің ісіміз емес біздің кінәмізді тек сараптама анықтап береді деді де оларда кетті. Үй болса құлағалы тұр. Баратын жеріміз де жоқ қой.
Ал, аудан әкімі болса кім кінәлі екенін тек сарапшылар ғана шешеді дегеннен танбайды.
Бауыржан Қалжанов, Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданының әкімі:
- Біз басшылармен сөйлестік, сол су мекемесінің басшыларымен. Ол кісілер толық біздің кінәміз болса толық жөндеп береміз деп міндеттеліп отыр.
Сарапшыларды шақыруға қаржы қала бюджетінен алынатын болды. Тек, ақша бөлінемін дегенше, сонан соң сараптама қортындысы шыққанша ең кемі бір ай уақыт керек екен. Оған дейін, әрине үй қисайып, үйіндіге айналып кетпесе.