Шымкентте лаңкестік әрекетке дайындалды деп айыпталған 15 қазақстандықтың үстінен үкім шығарылды

Сот мәжілісін судья Шара Бейсенбиева жүргізді. Сот мәжілістері жабық жағдайда жүргізіліп, тергеу абақтысының ғимаратында өткізілді. Айыпталушылардың бәрі де кінәлі деп табылып, 11-19 жылға бас бостандықтарынан айрылды.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, 23-35 жас аралығындағы жастар тобын Оңтүстік Қазақстан облыстық ҰҚКД қызметкерлері өткен жылғы көктемде құрықтаған. Тұтқындардың үйінде жүргізілген тінту кезінде жарылғыш заттар мен оларды жасауға арналған құрамды бөлшектер, қару-жарақ, экстремистік сипаттағы әдебиет, Шешенстанда қолға түскен ресейлік әскерилерді жазалау оқиғалары мен Ауғанстандағы қанды қырғындар бейнеленген бейнематериалдар тәркіленген.

Сондай-ақ, Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің үшінші басқармасының қызметкерлерінің аты-жөні мен қызметтік телефон нөмірлері көрсетілген тізімі, барлық қызмет түрлерінің қызметкерлерін жоюға берген рұқсат (фатва), Ұлттық қауіпсіздік комитетінің департаменті ғимаратының орналасқан жері мен көшелері көрсетілген сызбасы тәркіленген.

Салафиттердің "жихадтық" қанатының өкілдері болып табылатын еліміздің 15 азаматы айыпкер деп танылып, оларға ҚР Қылмыстық кодексінің 9 бабы бойынша, соның ішінде лаңкестік топ құрып басқару, лаңкестікті насихаттау мен лаңкестік әрекетке баруға жариялы түрде шақыру жөніндегі баптар бар.

Тергеу сегіз айға созылып, іс материалдары 50 томды құрады.