Шымкентте мектепті жөндеуге таласқан кос компанияның кесірі оқушыларға тиюде

70-ке жуық құрылысшы, сырлаушы мен дәнекерлеуші күндіз-түні мектепті жөндеп жатыр. Бірақ, қанша талпынса да әлі жоқ дегенде бір ай жұмыс істеуі керек. Ал санаулы күннен кейін жаңа оқу жылы басталғалы тұр.

-Бұл мектепте 1-ші қыркүйекте 2 мыңнан астам оқушы оқу жылын бастау керек болған еді. Тек, әзірге мектептің күйі мынау. Енді ол оқушылардың барлығы барлығы жақын маңдағы мектептерге жіберіледі. Ал, құрылысшылар мектептің жөндеу жұмыстарын бірінші қарашаға дейін бітіреміз деп отыр.

Қарашаға дейін әлі бір тоқсан оқу керек. Ал, мектептің негізгі жұмыстары біткенімен көзге көрінбейтін ұсақ-түйек істері бастан асып жатыр. Қазіргі құрылыс компаниясы бүгінге дейін өз қаржыларына жұмыс істеп келген. 70 миллион теңгеден астам ақша жұмсаған олардың шаруасы әлі шаш етектен .

Төреғали Әбдіәзімов, мердігер компанияның аға шебері:

-Мысалы линолеум төсеу керек. Енді сүртіп-тазалап шығу керек. Төбені жабу керек.

Оқу жылының басындағы әдеттегі абыр-сабыр жоқ мұнда. Мұғалімдер заттарын жинап басқа мектепте сабақ беруге кеткен. 1-ші қыркүйекте алғашқы қоңырауды соғып болған соң мыңдаған оқушы ұстаздарының соңынан басқа  мектепке барады.

Қайрат Есен, №46 мектеп-лицей директорының шаруашылық істері жөніндегі орынбасары:

-Мұғалімдеріміз, оқушыларымыз еден жуушыларымыз сол 4 мектепте оқиды. Және де алыстау мектептерге 2 мектепке 100 пайыз көлікпен тасиды алыс жақтарға. Ал, жақын мектептер өздері бара береді. Мұғалімдеріміз тех.персонал бәрі жұмыстарын атқара береді. Екі ай сол жақта оқимыз. Әрине қиын болғанымен енді амал жоқ.

Қазақ-орыс тіліндегі мектеп-лицей 25 жылдан бері күрделі жөндеу көрмеген. Білім бөлімі сондықтан осы мектепті жөндеп бермекші болыпты. Бірақ  мердігер мекеме жұмысын бастай бергенде тендерден ұтылған компания оларды сотқа берген. Енді тендердің әділ өткен-өтпегені сотта шешілмек.