Шымкентте облыс бойынша жүн өңдейтін жалғыз зауыт ашылды

"Бұл зауыттың ашылуы аграрлық сектордағы өндірістік, сервистік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған біздің холдингті дамытудың стратегиялық жоспарының бір бөлігі болып табылады", - деді зауыттың "ҚазАгро" Ұлттық холдингі" АҚ басқармаларының төрағасы Әлихан Смайылов.

"Биязы" ауылдық тұтынушылар кооперативінің жетекшісі Орынбек Тағаевтың хабарлауынша, "Биязы" ауылдық тұтынушылар кооперативінің жүн өңдеу зауыты қазіргі заманғы техникамен жабдықталған. Бұл жерде жүнді тек жуып, тайлап қана қоймай, сонымен бірге одан фармацевтикада үлкен сұранысқа ие ланолин жасауға қажетті шикізатты бөледі. "Бұл Қазақстандағы бірегей әрі жаңа технология болып табылады, мұндай өнімге тапсырыс бар", -деді О. Тағаев.

Оның айтуынша, жаңа жобаның құны 75 млн теңгені құрайды. Несиені ауылшаруашылығының инфрақұрылымын дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламаға сәйкес "Аграрлық несиелік корпорациясы" АҚ жеті жылға 5% өсіммен бөлді.

О. Тағаевтың хабарлауынша, сондай-ақ, зауыт сағатына 350 кг дейін жүн өңдей алады. Шикізат халықтан сатып алынады, атап айтсақ, қой жүнінің бір килограммы 15 - 30 теңгеге, ешкі мен түйе жүні 120 - 150 теңгеге сатып алынбақ. Кооператив шикізатты бірінші кезекте өз мүшелерінен сатып алмақшы. Өндірісті сапалы шикізатпен қамтамасыз ету үшін сонымен қатар биязы жүнді қой өсіретін жеке шаруашылық құру жоспарланған.

"Биязы" ауылдық тұтынушылар кооперативі жетекшісінің сөзіне қарағанда, зауыт өнімдерін сату мәселесі шешімін тапқан, ҚХР мен Ресейдің компанияларымен жуылған жүннің бір килограммын 120 теңгеден сатып алу жөнінде шарт жасасты.

О. Тағаевтың ақпаратына сәйкес, өндірісте барлығы 47 адам жұмыс істейді. Таяу уақыттарда зауытта әскери киімдерді тігуге арналған материал- киіз өнімдері шығарыла бастамақ. Жіп және мата өндіру мәселелері дәйектелуде.

Ә. Смайылов өз кезегінде кейінгі екі жылда "ҚазАгроның" қатысуымен осындай ауылшаруашылығы тауар өндірушілерінің 69 бірлестігі құрылғанын және оларға 4,5 млрд теңгеден астам несие бөлінгенін хабарлады.

"Несиелендіру негізінен ет-сүт және жеміс-көкөніс өнімдері саласына бағытталды. Ауылшаруашылығы тауар өндірушілерінің бірлестіктері аясындағы жұмыс өнімді жинау, тасымалдау, өңдеу және сатуды орталықтандыра жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Бірлестіктер аясындағы жұмыстар өнім сататын кепілді нарық табуға, өнімнің бағасын көтеруге, делдалдарды жоюға және бірлестік құру арқылы қызметті өзіндік құны бойынша алуға мүмкіндік береді", -деді Ә. Смайылов.


Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті