Шымкентте өткен ұлттық театрлар фестивалінің үздігі анықталды


Осымен үшінші рет ұйымдастырылған фестиваль апта бойы жалғасып, жұртшылықты рухани азыққа қандырды. Бұған дейін Астана, Қарағанды қалаларында өткен шараның биыл оңтүстік өңірде өтуінің өз себебі бар: мұнда елімізді мекендеген 130-ға тарта ұлт пен ұлыстың 80-нен астамы қоныстанған. Этномәдени орталықтардың төл театрлары түрлі ұлттардың дәстүрлерін сақтауға септігін тигізіп келеді, деп хабарланған ОҚО әкімінің ресми сайтында. 
«Екі жылда бір болатын фестиваль театрлар үшін де, көрермендер үшін де пайдалы дүние. Бұл сайыстың театр ұжымдары үшін берері мол», - дейді халық әртісі Асанәлі Әшімов. 
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай өнер таласы ұлтаралық бірлікке өз септігін тигізіп, бір тудың астына бірігіп, тату-тәтті ғұмыр кешкен халықтардың ынтымағын арттырары хақ.
ҚР мәдениет және спорт министрлігі киноматография және театр өнерінің өнер басқармасы бас сарапшысы Гүлнафиз Мырзашева: «Бұл байқаудың негізгі мақсаты - көпұлтты Қазақстандағы театрлардың бар екенін, олардың өсіп-өркендеуін көрсету», деп атап өтті. 
Театр фестивалінде Алматыдан келген корей театры ұжымының бәсі биік болды. Қысқа ғұмырында өшпестей із қалдырған қазақтың ақиық ақыны Мағжан Жұмабаевтың өмірінен үзінді келтірген қойылымы арқылы өнерпаздар алты театр арасынан үздік деп танылды. Сонымен қатар ер адамның және әйел адамның рөлін сомдаған әртістердің арасынан үздіктері және жекелеген аталымдар бойынша жеңімпаздары жарияланып, оларға бағалы сыйлықтар табыс етілді.