Шымкентте өзін «Самұрық-Қазынаның» топ-менеджерімін деп таныстырған алаяқ сотталды

Ер адам өзін үшінші орынбасарымын деп таныстырып, құрылыс жұмыстарын жүргізу бойынша тендер ұтып алуға көмектесуге уәде берген.

«Айыпталушы Құралбек 2013 жылы жазда алдау арқылы аса ірі көлемдегі біреудің мүлкіне ие болу мақсатымен «Базис және К» ЖШС директорымен танысып, тендерді ұтуға көмектесуге уәде берген», - деп хабарлады Әл-Фараби аудандық сотының баспасөз қызметінен.

Қылмыстық іс материалдары бойынша, айыпталушы жапа шеккен фирманың басшысынан 31 млн. теңге алған. Бұл қаражатты өз қажетіне жаратқан. Әл-Фараби аудандық соты оны ҚР ҚК 177 бабы 4 тармағы бойынша айыпты деп тапты. Алаяқтыққа барған ер адам 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Сот ҚР ҚК 63 бабын қолданып, енді жаза 3 жылға дейінгі сынақ мерзімімен шартты деп есептеледі.