Шымкентте перзентханалар лық толы: демография қала экономикасына қалай қысым жасап жатыр

Бұған жауап ретінде қала билігі жаңа перинаталдық орталық салуды қолға алған. Алайда жоғары туу көрсеткіші тек медицина саласымен шектелмейтін, әлдеқайда ауқымды мәселелерді алға тартады.

Caravan.kz тілшісі демографиялық бумның астарында қандай қиындықтар барын саралап көрді.

Шымкент — елдегі ең «жасампаз» мегаполис. Мұнда бала сүю — қалыпты құбылыс, әрі оны кейінге қалдыру әдетке айналмаған. Елдің басқа өңірлері «туу керек пе, жоқ па» деп есеп-қисап жасап жатқанда, оңтүстікте өмір өз ырғағымен жүріп жатыр. Перзентханалар конвейер тәрізді тынымсыз жұмыс істейді.

Қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің айтуынша, Шымкенттегі төрт мамандандырылған перзентхана (барлығы 508 төсек) бүгінде 106 пайыз жүктемемен жұмыс істеп тұр. Осыған байланысты 200 орындық жаңа перинаталдық орталық салу туралы шешім қабылданған. Алайда перзентханалар — мәселенің тек ұшы ғана. Оның ар жағында одан да күрделі түйіндер жатыр.

Қазақстанда туу азайып келеді, ал Шымкент әлі де алда

Статистика бюросының мәліметінше, 2024 жылы Қазақстан бойынша орташа туу көрсеткіші 1000 адамға шаққанда шамамен 18 сәбиді құраған. Ал Шымкентте бұл көрсеткіш — 23,58.

2025 жылдың қаңтар–қыркүйек айларында республика бойынша туу деңгейі 16,35-ке дейін төмендеді. Бұл қазақстандықтардың отбасын жоспарлауға ұқыпты қарай бастағанын аңғартса керек. Бірақ Шымкент бұл тұрғыда көшбасшылықты сақтап қалды — 1000 адамға 21,46 нәресте.

Сондықтан жаңа перинаталдық орталық салу — демографиялық ахуалға дер кезінде емес, кешігіп берілген жауап деуге болады.

Балалар үйде, бюджет жұтаң: балабақша неге мәселені шеше алмай отыр

Шымкенттегі демографияны аулалардағы арбалардан, толы поликлиникалардан, балабақша мен мектептерден-ақ аңғаруға болады.

Алдымен балабақшаларға тоқталайық. «Мектепке дейінгі тәрбиемен қамту коэффициенті» деген көрсеткіш бар. Ол балабақша жасындағы балалардың қаншасы нақты түрде балабақшаға немесе дамыту орталықтарына баратынын көрсетеді. Шымкентте бұл көрсеткіш соңғы төрт жылда айтарлықтай төмендеген: 2020 жылы 48,9 % болса, 2024 жылы 33,5 %-ға дейін түскен. Яғни бүгінде мектепке дейінгі жастағы балалардың тек үштен бірі ғана жүйелі білім беру жүйесіне тартылған.

Инфрақұрылым бар, балабақшадағы орын саны да өсіп келеді. Бірақ іс жүзінде көптеген бала үйде қалып отыр. Алматы мен Астанада бұл мәселе көбіне күтушілер арқылы шешіледі — табыс деңгейі мүмкіндік береді. Ал Шымкентте балалармен көбіне аналар немесе әжелер отырады. Бұл — оңтүстікке тән, үйреншікті әрі арзан модель. Бірақ қала экономикасы үшін тиімсіз. Себебі үйде отырған аналар жұмыс істемейді, зейнетақы жарнасын аудармайды, салық төлемейді. Нәтижесінде қала халқы саны жағынан өсіп жатқанымен, қаржылық тұрғыда күшеймейді.

Статистика да мұны жанама түрде растайды. 2024 жылы Шымкентте 18 жасқа дейінгі балалары бар шамамен 46 мың отбасы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен болғандықтан мемлекеттік жәрдемақы алған. Бұл көрсеткіш бойынша Шымкенттен тек Түркістан облысы ғана алда (94 750 отбасы).

Ваучерлер мен тамақ: ҚҚС отбасыларға қалай салмақ салып отыр

Бүгінде Шымкентте 639 балабақша жұмыс істейді, оның 71-і — мемлекеттік. Барлығы ваучерлік қаржыландыру жүйесіне көшкен. 2024 жылдың қазан айынан бастап қала толықтай осы модельге өтті. Енді бюджет қаржысы «баланың артынан ереді»: ата-ана балабақшаны өзі таңдайды, баланың келуін ed24.kz қосымшасы арқылы растайды, содан кейін қаржы мекемеге аударылады.

Алайда бір маңызды жайт бар. Қазақстанда мектепке дейінгі білім беру мемлекет есебінен қаржыландырылғанымен, балалардың тамағын ата-аналар өздері төлейді. 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап ҚҚС мөлшерлемесінің 12 пайыздан 16 пайызға өсуі бұл жүктемені одан әрі ауырлатты.

Қазір Шымкентте 3 жасқа дейінгі бала үшін ата-аналар күніне 544,58 теңге, 3–6 жас аралығындағылар үшін 686,04 теңге төлейді. Айына бұл 16–20 мың теңгеге шығады. Табыс деңгейі жоғары отбасылар үшін бұл аса қиын емес. Бірақ Шымкент орташа жалақысы ең төмен өңірлердің төрттігіне кіреді. 2025 жылдың үшінші тоқсанында жан басына шаққандағы орташа номиналды табыс 150 мың теңге болған (бұдан төмен көрсеткіш тек Түркістан облысында).

Ал егер отбасында екі-үш бала болса ше? Онда оларды балабақшаға бермей, үйде қалдыру әлдеқайда тиімді. Өйткені 600–700 теңгеге бүкіл отбасыға бірден ботқа пісіруге болады.

Сөйтіп, тұйық шеңбер пайда болады: ата-ана баласын балабақшаға бере алмайды, ал баламен үйде отырған ана жұмысқа шыға алмайды.

Мектептер лық толы, медицинада қысым күшейген

Енді мектептерге келсек. Шымкентте оқу орындарындағы орын тапшылығы — көптен бері айтылып келе жатқан мәселе. Үш ауысымды мектептердің саны азайғанымен, дефицит әлі де бар. Былтыр тамыз айында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев бұл мәселе жақын арада шешіледі деп уәде берген еді.

Медицина жүйесі де шектен тыс жүктемеде. Қазан айында Halyqstan телеграм-арнасында қаладағы жұқпалы аурулар ауруханасында аналар кішкентай балаларымен еденде жатқан видеосы тарады. Бұл — қала инфрақұрылымының халық санының өсуіне ілесе алмай отырғанының айқын дәлелі.

Қорытындылай келе, жоғары туу көрсеткіші — әрине, жақсы. Тіпті өте жақсы. Бірақ оған ілесе жүретін мәселелер шешілмесе, демография мақтаныштан гөрі тұрақты күйзеліс көзіне айналады.