Шымкентте қарулы тонаушылар кәсіпкердің үйінен ішінде ірі көлемдегі ақша сақтаулы тұрған салмағы 180 килолық сейфті алып кетті

"Қазығұрт" шағын ауданында тұратын кәсіпкердің үйіне бетперде киіп, кеспе мылтықпен қаруланған үш адам басып кірген. Үйде кәсіпкердің ұлы мен бір немересі ғана болған көрінеді. Жасөспірімдерді байлап тастаған қылмыскерлер ішінде 1 млн. теңге және 400 доллары бар салмағы 180 килолық темір сейфті алып кеткен. Сондай-ақ, тонаушылар жасөспірімдер полицияға қоңырау шалмасын деп телефонды және үйдегі алтын зергерлік бұйымдарды да өздерімен ала кеткен.

Полиция қызметкерлерінің пікірінше, қылмыскерлер сейф пен бағалы бұйымдардың қайда екенін анық білгеніне қарағанда, қылмыс әлдекімнің көрсетуімен жасалған болуы мүмкін. Аталмыш дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу басталды.
Тағы бір қарулы тонаушылық оқиғасы Оралда болды. Батыс Қазақстан облыстық ІІБ-ның ақпаратына сәйкес, бетперде киген үш адам дәріханаға басып кіріп, меңгерушіге пышақ сілтеп қорқыту арқылы саудадан түскен 25 мың теңгені алып кеткен. Тонаушылар ізін суытқаннан кейін барып сатушы полицияға хабарласқан. Қазір қылмысқа қатысушылар түгелдей ұсталды. Олардан пышақ, бетперделер мен ақша алынып, қылмыстық іс қозғалды.