Қатты жел салдарынан сынған ағаш аталмыш зообақтың жұмыскері 1962 жылы туған азаматша Г.Төлепованың үстіне келіп түскен. Ол оқиға орнында бірден көз жұмған.
Сондай-ақ қалада кеше кешкі сағат 7-лер шамасында «Мерседес» автокөлігінің үстіне ағаш құлаған. Соның салдарынан жарақат алған көлік салонында болған азаматтар 1984 жылы туған Н.Өтебаев пен 1988 жылы туған Э.Жұмағұлова ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды ҚР ТЖМ баспасөз қызметінен.
Ал Сайрам ауданындағы Ақсукент ауылындағы Ұлықбек көшесіндегі № 5 үйдің шатырын жел жұлып әкеткен. Салдарынан 1989 жылы туған азамат Т.Орынбаев басынан жарақат алды. Манкент ауылындағы екі үйдің және Сайрам ауылында бір үйдің шатырын жел ұшырып, 1999 жылы туған М.Әбдірашитов пен 1969 жылы туған Д.Перімқұлов, 1969 жылы туған азамат Н.Досматов басынан жарақаттанған. Ал Қарабұлақ ауылында 5 жастағы бала Г.Хайдарова зардап шеккен. Орташа деңгейдегі жарақатпен олардың барлығы Ақсукент аудандық орталық ауруханасына жеткізілді.
Айта кетейік, қатты жел қаладағы бірқатар ғимараттарға да кесірін тигізді. Атап айтқанда, Нұрсәт шағынауданындағы «Нұр Отан» партиясын ғимаратының, осы аудандағы 5 қабатты көппәтерлі 4 тұрғын үйдің, «Химфарм» АҚ-ның, сондай-ақ политехникалық колледж бен облыстық онкологиялық диспансердің шатырлары ұшып кеткен.
Ал Түркістан қаласында «Жолаушы» ЖШС гаражы мен Майдантал ауылындағы орта мектептің ғимараты зардап шексе, Төле би ауданындағы Көксәйек ауылында колледж спортзалы, Отырар ауданындағы Арыс ауылының балабақшасы, Сайрам ауданындағы Ақсуабат ауылының орта мектебі де ауа райының тосын мінезінен жапа шекті. Қазіргі кезде өңірде арнайы құрылған комиссия жұмыс жасауда.