Шымкентте Қазақстан Қарулы күштерінің бас қолбасшысының қатысуымен ІІ Бүкіләскер кеңесі өтуде



Облыстық драма театрының ғимаратында өтіп жатқан кеңеске еліміздегі барлық күш құрылымдарының басшылары, Қарулы Күштердің өзге де әскери құрылымдарының өкілдері қатысуда. Кеңеске БАҚ өкілдері жіберілген жоқ.
Қорғаныс министрлігі таратқан баспасөз баянында атап көрсетілгеніндей, президент Н.Назарбаев Қазақстанды 2030-жылға дейін дамыту стратегиясы жүзеге асырыла бастаған 8 жылдық кезеңді қорытындылады. Елбасы өз сөзінде Қазақстанда қазіргі заманғы Қарулы күштер құрылғанын атап өтті. "Бұл - армиядағы қазіргі ахуалға берілген ең жоғары баға және оның нақты дәлелі бола алады, сонымен бірге ол алдағы даму векторына айналады",- деді Н.Назарбаев.
"Қорғаныс министрлігі мен басқа да күш құрылымдарының іс-қызметінің негізі ретінде мемлекеттің қауіпсіздігіне төнуі ықтимал қауіп-қатерлерге лайықты жауап қата алатын қабілеті бар ХХІ ғасыр армиясын құру жөніндегі ел басшылығының талабы арқау болмақ. Сол себепті бас қолбасшы Қазақстан Қарулы күштерін жаңалаудың басты бағыты ретінде кәсіпқой армия құру ісін одан әрі жалғастыруды атады",- делінген баспасөз баянында.
Өз кезегінде ҚР қорғаныс министрі Мұхтар Алтынбаев кәсіпқой армияға ден қоюдың арқасында әскери құрылымдардың жауынгерлік қабілетін сапалық тұрғыда арттыруға, армиядағы адамгершілік-психологиялық ахуалды өзгертуге, әскери борышын өтеу тәртібі мен жауапкершілігін көтеруге мүмкіндік бергенін атап өтті.
ҚР қорғаныс министрлігінің мәліметтері бойынша, еліміздің әскери бюджеті жылдан -жылға өсе түсуде. Егер 1997-1999-жылдары ол 7-14 млрд. теңгені құраса, биыл ол 60 млрд. теңгеден асты. 2006-жылы еліміздің әскери бюджеті 81 млрд. теңгені құрайды деп күтілуде.
"Бүгінде біз тек армияны ұстауға, толыққанды жауынгерлік дайындыққа, келісім-шарты жүйесімен әскерлерлі жасақтауға ғана емес, сонымен бірге жаңа қарулар сатып алу мен әскери техниканы жаңалауға да жеткілікті қаржыға ие болдық",- делінген қорғаныс министрлігінің баспасөз баянында.
ІІ Бүкіләскер кеңесінде қорытынды құжат қабылданады.

i>Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті