Шымкентте қылмыскерлер кейуананы ұрлап, пәтерін сатып жіберген


«Сотталғандар Затькова атты азаматшаны ұрлап, Тараз қаласында 1,5 айдай ұстаған. Кейін оның пәтерін 2 миллион 926 мың теңгеге бір азаматқа сатып жіберген», - дейді Мақсат Балқыбеков, Әл-Фараби аудандық прокурорының көмекшісі.

Тергеу амалдары барысында тәртіп сақшылары қылмыстық топтың 5 мүшесін анықтаған. Күдіктінің біреуі ізін суытып үлгерген. Сотталушыларға қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша кінә тағылды: тонау, алаяқтық, адам ұрлау және жалған құжаттарды әзірлеу. Сот шешіміне сәйкес екеуі мал-мүлкінің тәркіленуімен жалпы тәртіптегі колонияда 8 жыл жазасын өтейді. Топтың өзге мүшелері сәл жеңілдеу жазаға кесілді. Сондай-ақ сот айыпкерлерді жапа шегушіге пәтері мен баспананың техникалық құжаттарын қайтаруға міндеттеді.