Шымкентте республикалық семинар ұйымдастырылды

Іс-шарада оқушылардың таланты мен қабілетін дамытудағы инновациялық жобалар мен дарынды балалармен жұмыс істеудің бірыңғай жүйесінің аспектісі талқыланды. Қазақстандағы дарынды балалармен жұмыс істеудің біртұтас жүйесін ҚР БҒМ Мектепке дейінгі және орта білім беру комитетінің бас сарапшысы Марат Сүлейменов баяндады.

«Елбасы Академиясы» КҚ директоры Асланбек Амриннің айтуынша, «Qabilet» қызметі – ерте кезеңде балалардың қабілетін анықтап, кәсіптік бағдар беруді көздейді. Жоба баланың белгілі бір бағытқа бейім екенін анықтап, соған сәйкес оның дағдыларын дамытуға мүмкіндік береді. 

«Еліміз бойынша 2021 жылы 10-11 жас аралығындағы 81 мың бала тест тапсырып, 122 бала маманның көмегіне жүгінді. Ал биыл 46 мың оқушы қабілет диагностикасынан өтіп,  75 балаға психолог кеңес берді. 

"Дарын" өңірлік орталықтарының 100 қызметкері 10-11 жас аралығындағы балаларға арналған 4 "К" қабілеттерін диагностикалау әдістемесі бойынша оқытудан өтті. Биыл тамызда 7-9 жастағы балаларға арналған қабілеттерді диагностикалау әдістемелеріне оқыту жоспарланып отыр. Бұл жобаны Елбасы Академиясы ҚР Білім және ғылым министрлігімен серіктестікте ұйымдастырады», - деді Асланбек Амрин. 


Еркін форматта өткен жиында Шымкент қаласы Дарын орталығының  мамандары жұмыс тәжірибесімен бөлісіп,  жан-жақты мағлұмат берді.  Сонымен қатар «Жеке өсу мен кәсіби дамуды басқару: жоспарлау және мақсат қою. Тайм-менеджмент» тақырыбында тренинг өтті.