Шымкентте шекарада бейберекет оқ ату салдарынан Өзбекстандық әйелді атып тастаған шекарашыға қатысты үкім шығарылды

"Қылмыстың ауырлығы ескеріліп, сот процессін судья Максим Қалдығұловтың төрағалық етуімен республикалық әскери соттың үш судьясы жүргізді", -деп хабарлайды хатшылық.

Айыпкерге ҚР Қылмыстық кодексінің үш бабы бойынша айып тағылды: 96-бабы (бұзақылыққа байланысты көп адамның өміріне қауіп төндіретін тәсілмен кісі өлтіру), 24 және 96 (қызмет бабына байланысты екі және одан да көп адамды өлтіруге әрекет жасау) және 376-бабы (шекаралық қызметті жүзеге асыру ережелерін бұзу салдарынан ауыр залал-зардапқа алып келу). Барлық жайттарды ескере отырып сот ҚР ҰҚК Шекара әскерінің 20 жастағы кіші сержанты Жандос Байменовты жазасын қатаң тәртіптегі абақтыда өтеумен 16 жылға бас бостандығынан айырды. Сотталғанның қорғаушысы үкімге қарсы шағымданбақшы.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, осы жылдың 16 сәуірінде Ж. Байменов мас күйінде кезекшілікте отырып автоматтан бейберекет оқ ата бастаған. Бір оқ Өзбекстандық 36 жастағы Мухабат Сайибназарованың басынан тиді. Ол оқиға кезінде сол маңдағы қамысжайда күйеуімен және екі баласымен бірге болған. Әйел отбасы мүшелерінің көз алдында қаза тапты.


Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті