Шымкент шетіндегі бұл тұрғындар 2006 жылдан бері осы жерден учаске алып, үй салып тұрып жатыр.
Данияр Аекеев, Шымкент қаласының тұрғыны:
-Жер басқармасының өкілдері келіп, жерді өлшеп қазық қағып кеткен. Осындай-осындай деп толық тексертіп алдық БТИ бәріне. Бәрі заңды болды.
Осы Ақжайық ықшамауданындағы 38 гектар аумақ 90-шы жылдардан бері жекеменшікте болыпты. Бірақ он жыл бұрын шенеуніктер бұл учаскелерді халыққа сата бастаған. Енді өз жерінде 20-дан астам отбасы тұрып жатқанын білген «АБН Орда» фирмасы жерін даулап сотқа берді.
-Қала сырты болса да қыруар қарызға батып, тақыр жерге үй салып тұрып жатқан тұрғындар өз жерлерінің нағыз бас ауруға айналарын сезбепті де. Тек, Ақжайық шағынауданының тұрғындарына бір ай бұрын үйлеріңіз заңсыз деген тілімдей қағаз келе бастаған. Енді учаскелерімен, үйлеріне құжаты болса да жүздеген тұрғынға далада қалып қою қауіпі төніп тұр.
Сотқа шақырту келгендердің бірі Үсеновтер отбасы. Малын сатып, 10 жылға несие алып 5 бөлмелі үй салған отбасында 18 адам бар. Тыныш күнге енді жеткенде шұбырып далада қаламыз ба деп қорқады олар.
Мәрия Үсенова, Шымкент қаласының тұрғыны:
-Еш жаққа бармаймыз. Қай жаққа барамыз? Мені кім кіргізеді? 13 немереммен, 2 келін, 2 баламмен ешкім кіргізбейді. Бұл жерде менің ағайыным да жоқ сағалап баратын. Қай жаққа барам мен. Отырамын осы үйде.
Аудан атқамінерлерінен бастап, облыстық әкімдікке дейін барып тыңдата алмаған жұрт жолды да жаппақ болыпты. Бірақ басшылар бірден заңмен қорқытқан. Бүгін де топ боп келген полицейлер елден көз алмады. Артынша шенеуніктер де келгенімен, тұшымды жауап бере алған жоқ.
Қасымбек Сайлауов, Шымкент қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысы:
-Арыз енді түсті бізге. Біз қазір айтып отырмыз. Жердің шекарасын біртіндеп. Нақтылап қайта тексеріледі. Бұл жерде бір-бірінің үстінде отырғанын-отырмағанын анықтаймыз біз.
Бұл жайлы енді естіп отырмыз деп ақталған шенділер халықтан бір апта уақыт сұрады. Жеті күн ішінде жердің заңды-заңсыз үлестірілгенін анықтамақшы. Ақжағалының сөзіне соңғы мәрте сенген халықтың бірі үмітпен тараса, кейбірі тіпті жылап көршілерінің қолтықтауымен ғана үйлеріне кетіп жатты.
Loading...