Үкім шығуы тиіс сот отырысы әдеттегідей басталған. Залға жиналған ағайын-туыс судьяны күтіп тыныш тұрған болатын. Тек, үкім оқыла бастағаны сол еді, залдағы біреуі есінен танып құлады.
-Су! Су! Дәрігер. Ой атаңа нәлет! Тұрмай ма осы жерде?
– Осындайды біледі, телевизорды шақыруды біледі, полицияны шақыруды біледі.
-Дәрігер қайда?
Дер кезінде дәрігер де табыла қоймайды. Талған әйелді құшақтаған туыстары болса судьядан бастап, прокурорларға дейін қарғап жатыр.
–Дәлел қай жақта, дәлел қайда?! Ақша қай жақта, ақша қайда?!
Туыстарының сөзінен қанаттанған соталушыларды да тыныштандыру оңай болмады. Тіпті қарауылмен ерегісіп қалды. Ал үкімі жайына қалған судья залдағыларды тынышталдыра алмай әуре.
-Конвой мынаны шығарыңдар. Шығар! - Мен шықпаймын. Мен шықпаймын.
2013 жылдың желтоқсанында Шардарадағы банктен 63 млн теңге ұрланған. Көп ұзамай 27 жастағы күзетші банктің 6 қызметкерімен бірге алдын-ала жоспар бойынша қылмысқа барғандарын жайып салды. Тек, жалғыз күзетшіден өзгесі қылмысты сол күйі мойындаған жоқ. Бүгін айқайға басқан ағайындары да талай рет жол жауып, тергеудің әділ жүруін талап еткен болатын. Бірақ судья мұның біріне де қарамады. Төртеуі 5 жарым жылдан арқаласа, күзетші мен филиал бастығы 6 жылын темір торда өткізуі тиіс. Мүлкі тәркіленген олар жазасын енді жалпы колонияда өтейді.
-Әу баста бұл іс бойынша 7 адам тергелген болатын. Тек, прокурорлар тергелушінің біреуін қылмысы жоқ деп босатып жіберіпті. Соттың нақты қандай дәлелге сүйеніп жаза кескенін де білу мүмкін болған жоқ. Өйткені, бүгінгі айғай-шудан кейін судья Шара Бисембиева тілшілерге беретін баспасөз мәслихатын да ұмытып кетіп қалды. Ал,шу тудырған туыстары енді сотты сыйламағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін.
Loading...