Шымкентте студент жастар арасында айтыс ұйымдастырылды


Облыстық әкімдік баспасөз қызметінде хабарлағандай, айтысқа екі ЖОО - Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институты мен Оңтүстік Қазақстан М. Әуезов атындағы мемлекеттік университетінің студенттері қатысты. «Бәйге» кезеңінде 8 ақын қатысты.

«Айтыстың басты мақсаты - Қазақ хандығын нығайтуға атсалысқан бабалардың ерлігін паш ету. Осылайша, жастардың ұлттық өнерге деген қызығушылығын оятуды мақсат тұттық», - деді баспасөз қызметінен.

Әділқазылар алқасы өңірдегі белгілі журналистер мен жазушылардан құрылды, оның төрағасы елге танымал жазушы-журналист Мархабат Байғұт болды. Әділқазылар ақындар айтысы жастардың патриоттық рухын көтеріп, өскелең ұрпақты бабаларға деген құрметке, халықтың бірлігіне тәрбиелейтініне сенімді. 

Сайыс терең қиыстырылған әзілдермен ерекшеленді, деп атап өтті қазылар мен көрермендер. Әсіресе, Қажымұқан Абзалов, Серік Жұмаділ, Дәурен Ақсақалов, Мұқағали Кенжетайұлы, Нұрғали Анапия, Аян Ниязбековтің айтыстары көрерменге көтеріңкі көңіл сыйлады.

Мәре соңында қазылар 243 балл жинаған Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтының командасын жеңімпаз деп жариялады. Ақындарға ауыспалы кубок, сертификаттар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.