Шымкентте тал түсте 5 жасар оқушы қыз ұрланды

Оқушы қыз ұрланғалы 87-ші мектеп ұжымында ұйқы жоқ. Құзырлы органдар түні бойы директорынан бастап, із-түссіз кеткен бүлдіршіннің сыныптастарын да тексеріп шыққан. Нұрайдың туыстары да көше-көшені аралап, сабылып іздеуде. Кешелі бері білім мекемесі мен полицияның арасында қатынаудан қолы босамаған анасын мектептен таптық. Нұрайды өзгеге жетектетіп жіберген мұғалімдерге өкпелі. Айтуынша, қызын алып кететіндей біреудің ала жібін аттамаған. Ақша бопсалайтындай бизнесмен де емес екен.

Гүлнұр Әміралиева, Нұрайдың анасы:

- Ешқашан бір өзін жіберген емеспін оның. Менен басқа не әкесі, не апасы алып кеткен емес бүгінге дейін. Өзім алып келіп, өзім алып кететінмін.

Өзін әжесімін деп таныстарған бейтаныс әйел Нұрайды жетектей жөнелгенде қыз қарсылық көрсетпепті. 5 жастағы бүлдіршін бірден ілескен соң, мектеп ұжымы да сезіктенбеген.

Айгүл Қаппарова, Шымкент қаласындағы №87 мектеп директоры:


- Кеше апасымын деп алып кеткен. Қыз қолынан ұстап кеткен оның. Танитын адам деп сосын жібердік.

Мектептің іші-сыртында алты камера бар, оған да күдікті адам түспей қалған. Қазір куәгерлердің сөзімен қызды алып кеткен әйелдің фотороботы жасалды.

Сұлтан Үсіпбеков, Абай аудандық ііб бөлім бастығы:

- Куәгерлердің айтуынша, белгісіз жасы 50-55 жас шамасындағы азият нәсілді әйел кісімен кетіп қалғаны анықталып отыр. Және куәгерлердің айтуы бойынша бейнесуреті сипатталып, мынау әйел күдікті ретінде іздестірілуде.

Бүкіл бұқара іздеп жатқан Нұрайдың суреті бар парақшалар қаланың түкпір-түкпіріне ілініп, жергілікті арналар да іздеу салған. Ал басына ақ орамал салып, біреудің қызын жетектеп кеткен азаматшаны құрықтау шарасына полицияның барлық құрамы жұмылдырылған.