Шымкент-Самара тас жолы бойындағы бұл тұс халық арасында «ажал қиылысы» атанып кеткен. Шымкентке кірген-шыққан көліктердің негізгі легі осы жермен өтеді. Қозғалыс көп болғандықтан мұнда жол апаттары да соңғы уақытта еселеп артуда.
Нұрлыайым Сатыбалдиева, Шымкент қаласының тұрғыны:
-2014 жылы басталғалы 25 адам өмірмен өлімнің арасында тұр. Сонда біз ажалымыздан өлмей мынау өтіп жатқан темір көліктердің себебінен қайтыс болады ма адамдар?! Мына бала-бақша мектеп тұр дәл алдымызда. Қалай жібереміз?
Жолдағы апаттардан әбден мезі болған Ынтымақ шағынауданының тұрғындары бүгін тас жол бойына шықты. Талаптары –жаяу жүргіншілер жолағының тұсына бағдаршам қойып, түнде жанатын жарық орнату.
-Халық арыздана берген соң мына жолақты биліктегілер былтыр ғана сызып берген. Тек, мұның өзінен өту қауіпті. Бұған жету үшін бірінші арықтан секіруіңіз керек. Ал, мүгедектер арбасы не балалар арбасымен өту үшін бұл жолаққа дейін ережені бұзып қана жету мүмкін.
Бибісара Сандыбаева жанын шүберекке түйіп бұл жолмен немересін күнде балабақшаға алып баратын еді. Бірнеше күн бұрын немересін тастап жолдан өте бергенде көлік қағып, бірталай метрге ұшырған. Енді жасы алпысқа таянған қарт бас-ми жарақатымен ауруханада жатыр.
Бибісара Сандыбаева, Шымкент қаласының тұрғыны:
-Машиналар көп өтті. Өте бергенім сол еді, бір машина келіп қағып кетті. Қалай болғанын ары қарай білмеймін.
Бір жыл бұрын ғана ынтымақтықтар осы жолды бір сағатқа жуық жапқан. Тек жұрттың осы әрекетінен соң шенділер бірден бағдаршамды іске қосып, жол белгілерін де реттеген болатын. Бұл жолы да тұрғындар егер мәселе жуық арада шешілмесе жол бойын жабамыз деп отыр.