Шымкентте үш айлық нәресте ұрланды

"25 қазанда Шымкенттің Еңбекші ауданында тұратын әйел полицияға шағымдана келіп, өзінің үш айлық ұлы жоғалып кеткенін мәлімдеген. Іздестіру шаралары шұғыл басталып, әсіресе сол үйде пәтер жалдап тұрған Жамбыл және Шығыс Қазақстан облысының тұрғындары - екі әйелдің оған қатысы болуы мүмкін екендігі жөніндегі жорамал тексерілді. Осы үйге жуырда ғана орналасқан әйелдер баламен бірге жоғалып кеткен", - деп хабарлайды баспасөз қызметі.

Жуырда осы екі әйелдің бірі - 45 жастағы Жамбыл облысының тұрғыны ұсталды. Бала да табылды. Екі әйел баланы Жамбыл облысына әкетіп, бір жалғызбасты әйелге апарып берген.

Әйелдердің бала үшін ақша алған-алмағанын тергеу анықтайды. Қазір бұл дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 125-бабы бойынша (адам ұрлау) қылмыстық іс қозғалды.