Соттың хабарлауынша, аса ірі көлемде алаяқтық жасады деген айып тағылған Әсел Мамытбековаға ортақ тәртіптегі абақтыда 5 жыл отыру жөніндегі жаза жүктелді.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, А. Мамытбекова өткен жылдың қараша айында құрылыс компаниясының жетекшісінен мектеп құрылысын салуға жарияланған тендерде компаниясын жеңіске жеткізіп беру үшін пара талап етіп, ақша алғаны үшін ұсталған болатын. Тендер бойынша құрылыс қаржысы 351 млн теңгені құраған. Компания жетекшісінен әйел өзінің қолдауы үшін тендер құнының 10%-ін талап еткен. Ақшаны бөлшектеп әкелу қажет болған. А. Мамытбекова өзінің жұмыс бөлмесінде 58 мың АҚШ долларын алып жатқан сәтте қолға түскен.
Сот талқысы барысында айыпкер әйелдің құрылыс саласындағы тендерлерге қатысы жоқ екендігі және олардың нәтижелеріне әсер ете алмайтындығы белгілі болды. Сол себепті судья Шара Бейсенбиева ҚР Қылмыстық кодексінің 311 бабы (пара алу) бойынша жүктелген айыпты ҚР Қылмыстық кодексінің 177 бабының 3 тармағының "б" тармақшасына (алаяқтық) ауыстырды.