Шымкентте зорлық жасаған 25 жасар күдікті ұсталды

"Қыркүйек-желтоқсан ай аралығында 20, 21 жастағы қыздар мен 43 жастағы әйел ұқсас жағдайда зорланған болатын", - деп құлағдар етті баспасөз хатшысы.

Жуырда "Мицубиси Галант" жеңіл көлігімен жолаушылар тасымалымен айналысатын бір күдікті құрықталды.

"Бірінші оқиғада ол 18 қыркүйекте облыстық құрт ауруының диспансеріне жақын жерде қызға әлімжеттік жасаған. Күдікті болған зорлық оқиғасын өзінің ұялы телефоны арқылы суретке түсіріп алуға тырысқан", - деп хабарлады С. Қаракөзова.

Баспасөз қызметінің мәліметтері бойынша, екінші оқиға 11 қарашада таңертең Калашников көшесінде орын алған. Сол көшеде 13 желтоқсанда 43 жастағы әйел соққыға жығылып, зорланды.

"Соңғы оқиғада күдіктімен бірге оның сыбайласы болған. Қорланған әйел соққыға жығылып, оның ұялы телефоны күшпен тартып алынды", - деді баспасөз хатшысы.

Баспасөз қызметінің деректері бойынша, бұл іске қатысты ҚР ҚК 120 бабы (зорлау) және ҚР ҚК 179 бабы (қарақшылық шабуыл) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бүгінде тергеу жұмыстары жүргізілуде.