Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Stan.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Күдіктілер туралы ақпаратты қорғау тарапының адвокаты Талғат Есімов мәлімдеген. Оның айтуынша, күдіктілерді қалалық полиция департаментінің қызметкерлері ұстаған.
Адвокаттың нақтылауынша, іздеуде жүрген тұлғалар Түркістан облысы Түлкібас ауданының аумағында болған. Қазір олармен сотқа дейінгі тергеп-тексеру аясында қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.
Еске салайық, 20 қаңтар күні Шымкентте Ерімбетов пен Рысқұлов көшелерінің қиылысында жол-көлік оқиғасы болып, ол кейін жаппай төбелеске ұласқан. Қақтығыс кезінде екі адам ауруханаға жеткізілсе, тағы бір ер адамды оқиға орнынан күшпен алып кеткен. Шымкент қаласы полиция департаментінің қызметкерлері кісі өлтіру және бұзақылық қылмыстарына күдікті ретінде төрт ер адамды анықтап, ұстаған еді.
Кейін оның мәйіті Түркістан облысы Ордабасы ауданындағы аурухана автотұрағынан табылған. Қаза тапқан адам 40 жастағы Василий Колесников екені анықталды. Мәйітті медициналық мекеме аумағына әкеліп тастаған сәт бейнебақылау камерасына түсіп, желіде жарияланған.