Шымкенттегі жылыжай кешені жылына 155 мың тонна қызанақ өндіреді

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Sputnik.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Шымкент қаласында еліміздегі ең ірі жылыжай кешендерінің бірінің салтанатты ашылу рәсіміне қатысты.

Жылыжай кешені жылына 155 мың тонна қызанақ өндіруге есептелген.

Айдарбек Сапаровтың айтуынша, Түркия – Қазақстанның АӨК саласындағы негізгі серіктестерінің бірі. Бүгінгі таңда елімізде түрік инвесторларымен бірлесіп жалпы құны 1,1 млрд АҚШ долларын құрайтын 14 жоба жүзеге асырылып жатыр.

Бүгін кешенді іске қосу аясында құрылыс жұмыстарының бірінші кезеңіне кіретін аумақта алғашқы қызанақ өнімі жиналды.

"Жалпы құны 650 млн АҚШ долларын құрайтын ірі инвестициялық жобаның құрылысы былтыр жазда басталған. Кешеннің жылдық өндірістік қуаты 155 мың тонна, аумағы 650 гектар, бірінші кезең оның 208 гектарын қамтиды", - деп жазылған хабарламада.

Жыл соңына дейін кешеннің 40 гектар учаскесі пайдалануға беріледі. Бұл өндіріс көлемін ұлғайтып, ішкі нарықты жаңа піскен көкөніспен қамтамасыз етуге жол ашады.

Бастапқы кезең толық іске қосылғаннан кейін 2 мың жұмыс орны, ал жоба толық аяқталғанла 5 мың жұмыс орны ашылады.