Шымкенттік таксист жұма күні тұрғындарды тегін тасымалдайды

“Мен бірнеше жылдан бері «Атамекеннен» таңертең келіп, күні бойы қалада жекеменшік көлігіммен жолаушы тасимын. Жұрттың барлығына белгілі, бүгінде 200 теңгеге жүргізушілер көлігіне адамды отырғызбайды да. Жақын деген жердің өзіне 300 теңге сұрайды, одан әрі қымбаттай береді. Жолаушының қалтасында ақша бар ма, жоқ па, ол жағы «таксистерді» қызықтырған емес”, – дейді Мейрамбек Құлтаев, Шымкенттің іргесіндегі «Атамекен» ауылынан.

Бірақ мен соңғы кездері түрлі жағдайларға байланысты ойлана бастадым. Ақша көп болған сайын құныға береді екенсің. Ол ешкімге ешқашан көптік етпейді. Тек барға тәубе қылып, қанағат ету керек.

Бірнеше аптадан бері жұма күндері жамағатқа жақсылық жасауды ұйғардым. Ол үшін менің қолымнан келгені – көлігіме мінгендерге арзан қызмет көрсету. Тіпті тегін жүрсем де артықтық етпес еді, бірақ олай жасауға өзімнің жағдайым көтермейді. Үйде сырқат балам бар. Жұмыс істейтін бір өзім. Тым құрыса бензиннің ақысын өтесін деп баратын жерлеріне 100 теңгеден алып барамын.

100 теңге бұл автобустың бағасынан 30-ақ теңге артық. Есесіне сығылыспай, жылы жерде отырып барады. Жолда қол көтергендерге 100 теңге десем, сенбей қалады. Орталық  базардан «Бекжан» базарына дейін 100 теңгеге апардым. Әрине, жолда клиент шықса, тоқтап, олардан да сол ақшаны аламын. Бұған рахмет айтып жүргендер көп.


Мейрамбек Құлтаевқа рахмет айтқандардың біреуі Манат Дүйсебаева есімді кейуана такси жүргізушісіне деген алғысын былайша жеткізді:

«Менің жасым 74-те, көпбалалы анамын. Банкке бармақшы болып таксиге келіп едім, 100 теңге дейді. Дереу аялдамада тұрған жігіттерге мынаған мініңдер деп ұйымдастырып жібердім. Жұма күні сауап жина, сау бол, табысың бала-шағаңа бұйырсын деп батамды бердім. Бұл адамның имангершілігі ғой».

…Кейін сұрастырсақ, мұндай жандар жалғыз емес секілді. «Жұлдыз» ауылы мен Шымкенттің арасына қатынайтын Дидар Шегебаев есімді жас жігіт те жұма күні бір барып келгеніне мүлде ақша алмайтынын айтты.

«Біз негізі адамдарды Қырғы базардан аламыз, – деді Дидар Шегебаев. – Жұма күні намаздан шыққан соң тегін жүруді әдетке айналдырдым. «Пятакта» тұрсам адамдар бұрынғысынша машинаға келіп отырады, түсер кезде тегін десем  таңқалады. «Жұма күні бір рет жамағатқа тегін қызмет көрсеткенім үшін Алланың разылығын аламын деп жауап беремін. Рахметтерін айтып кетеді. Одан мен кедей болып жатқаным жоқ».

Жасыратыны жоқ, біреуге көмектесудің орнына дағдарыс қинап жатыр, зат қымбаттады деп жылай жөнелетіндер көп. Дегенмен ел ішінде осындай жомарт жандар да бар екен.