Соңғы бір ай көлемінде қаланы қақ бөліп тұрған тас жолдың осы бөлігінде 5 адам қаза тауыпты. Мына кісіні де осы арадан өтерде көлік қағып, мүгедек болып қалған. Ашынған ел қалалық әкімдіктен бастап, ішкі істер органдарына дейін арызданғанымен, тыңдайтын құлақ болмай тұр. Енді шарасыз жұрт жолды жабуға мәжбүр.
- Сіздің қазір істеп отырған іс-әрекетіңіз заңсыз.
– Заңсыз болса дабаламызды мектепке апаруға қорқатын болдық.
– Шетке шығыңыздар!
– Шықпаймыз шетке.
Оқиға орнына әупірімдеп жеткен полицейлер әрі қорқытып, әрі жалынғандай болып, жүріп халықты жолдан шығарды ақыры.
Өскен Абамүслімов, Шымкент қаласының тұрғыны:
- Не жаяу жүргінші сызығы жоқ, не бағдаршам істемейді, не белгі жоқ. Сол себепті балаларды қағып кетіп жатыр адамдар. Машина тоқтамайды. Машина жоғары жылдамдықпен жүреді.
Оқиға орнына жеткен шенділер қайғылы оқиғаның бірде-біреуінен хабарсызбыз дейді. Енді мәселені шұғыл шешуге кіріспек.
Ахмет Татыбаев, Шымкент қаласы Абай ауданының әкімі
- Шара қолданып, жаңағы аялдамасын өзгертіп береміз халыққа. Зебра қойдыртамыз мына жерге. Бағдаршамды қадағалап, істетуге жұмыс жасаймыз.
Қауіпті қиылыстың соңғы құрбаны 7 жасар қыз болды. Әжесімен бірге мектептен қайтып келе жатқан бүлдіршінді жоғары жылдамдықпен келген автобус соғып өтіпті. 1-ші сынып оқушысы Фатима тілге келмей көз жұмған.
Ләззат Еркінбекова, марқұмның әжесі:
- Қараған заматымда жоқ қой, болды. Көзді ашып-жұмғанша осындай оқиға болды. Автобустың астында домалап жатыр. Ойбайладым да қалдым.
Ал қауіпті қиылысқа жиналған халық уәде орындалмаса таяуда тағы да наразылық шарасын жалғастырамыз деп тарқасты.
Бұл жол учаскесінде бағдаршамның қашан іске қосылып, жол сызықтарының нақты қашан сызылатыны белгісіз. Шенділер бәрі болады дегенімен, нақты мерзімін тағы айтқан жоқ. Есесіне, енді мұнда жол қауіпсіздігін жол сақшылары күзететін болды. Бірақ, олардың да қай уақытқа дейін тұратыны тағы белгісіз.