Мысалға, шаһардың жаңа орталығында 500 адам қабылдайтын қалалық емхана пайдалануға берілді. Емхана жаңа диагностикалық құрал-жабдықтармен, атап айтқанда, сәулелік (маммографияны қосқанда), функционалдық, эндоскопиялық, биохимиялық, иммунологиялық диагностикамен қамтылған. Емхана 226 медицина қызметкерлері мен қызмет көрсетуші персоналдарды жаңа жұмыс орнымен қамтып отыр.
Бұдан бөлек, облыс халқының кітапханаға деген сұранысы өте жоғары. Осы жағдай ескеріліп, «Отырар» облыстық кітапханасы да ашылды. Сәулет өнерінің озық үлгісімен салынған аталмыш нысан да қаланың ажарын ашып, өзіндік келбетін қалыптастырмақ. Кітапханаға «Отырар» атауының берілуі ел тарихын халық санасында жаңғырту болып табылады. Оқырманның талғамына сай жасақталған ғимаратта 550 мыңнан астам кітап қоры бар тағы бір облыстық кітапхана жайғасады. Жаңадан салынған мәдени кешеннің ерекшелігі - мұндағы залдар техниканың соңғы үлгісімен жабдықталып, дербес электронды ресурстар мен интернет залдары қарастырылған.
Шаһардың жаңа келбетін айшықтайтын, әрі облыстың бүгінгі даму деңгейіне сәйкес туындап отырған жәні бір нысан - заманауи көрме орталығы. Бұл кешеннің құрылысына облыстық бюджеттен 614 млн. теңге жұмсалған. Келешекте мұнда оңтүстікте өндірілетін тауарлар көрмесі, түрлі деңгейдегі бизнес форумдар мен өзге де басқосулар, мәдени-көркемөнер шаралары ұйымдастырылмақ.
Ашылып отырған бұл нысандар Шымкенттің ірі мегаполис санатына кірігуі концепциясы аясында іске асып отырған жобалар болып табылады.