"Шындықты бүгіп қала алмадым": Айгүл Орынбек Президент Тоқаевқа тағы да үндеу жасады

Бұл туралы ол әлеуметтік желіде жазды, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы. 

Құрметті Президент! Қасым-Жомарт Кемелұлы!

Полицияның осы күнгі ерен еңбегін және жайттардағы туралығын айтудан танған емеспін. Бірақ, ақиқаттың ауылынан алыстай алман! Шындыққа тура қарай отырып, қараша халықтың уәжін бүгіп қала алмадым…

Қазіргі кезде… “Қанды қаңтар” оқиғасында және одан кейін Полиция қызметкерлерінің Халықты ұрып-соғып, себепсіз қинап, қорлап жатқандығы жайлы өңірлерден көптеп шағым түсуде! Әсіресе ҚызылОрда, Алматы, Талдықорған көш бастап тұр!

Мұндай бассыздық, заңсыздықпен күресуі тиіс… Жо-жоқ, тіпті жоюы үшін Үкіметтен арнайы жалақы төленіп тұрып жұмыс істейтін Ішкі істер Министрлігіне қарасты Өзіндік қауіпсіздік департаменті бар! Бар дейміз-ау, бұл аты ғана! Себебі, ат төбеліндей аты бар департаменттің бастығы Арман Саданов мырза бұл бағытта жұмыс жасап жатқан жоқ!

“Қанды қаңтар” оқиғасы жайлы БАҚ өкілдерінің алдына арнайы шығып, өз қызметкерлері тарапынан жол берілген заңсыз әрекеттерін тергеп-тексеріп, зерделеп жатқаны жайлы тіпті ауыз ашқан жоқ! Есесіне, тәртіп сақшыларының қитұрқы қадамдары турасында төртінші билік өкілдері - журналистер қауымы қызу жазып, жұртшылық жаппай наразылығы мен наласын ашына айтып жатыр.

Әсіресе, ҚызылОрда облысында болған бір емес, үш-төрт адамның заңсыз қорланғаны жайлы БАҚ беттерінде кеңінен жарияланды. Сорақысы сол - бір азаматты заңды құжаты бола тұра, отбасына хабар бермей, көміп тастаған!

Талдықорған қаласының тұрғынын үтікпен күйдіріп азаптаған суреттерінде көріп шок алып отырмыз!

Полиция қызметкерлерінің ішіндегі бұзақыларды анықтау және оларға дер кезінде тиісті шара көру немесе Ішкі істер органдары қатарынан шығару - Арман Саданов мырзаның тікелей міндеті! Иә, погонды мырзаға бұл қызмет-құзыреті үшін, ондағы әр сағаты үшін мемлекеттен теңге төленіп, еңбекақысы беріліп, жағдай жасалып жатқанын тағы ұмытпайық! Бірақ, жұмыс нәтижесі осы… Халықтың билікке деген наразылығын тудырып, қарғысын арқалауда! Халық ақымақ емес! Көз - көріп, құлағы - естіп отыр!

Құрметті Президент, Сіздің “Естуші мемлекет” тұжырымдамаңыздың жүйелі жүзеге асуында осындай орны толмас әрі өрескел қателіктерді жіберіп, әрі онысын жылы жауып жүргендерді жасырмауымыз қажет деп ойлаймын!


Дәл қәзір біз осы дүрбелеңде бейбіт халыққа заңсыз қол көтеріп, ұрып-соққан полиция қызметкерлерін де анықтап, жазаға тартуымыз керек! Себебі, Ата заңымызда жазылғандай, мемлекетіміздің басты байлығы - Адам, оның өмірі мен денсаулығы, құқығы мен қауіпсіздігі!

Осыны негізге ала отырып, тағы да қайталайын… Азаматтардың құқығын аяққа таптаған және әлі күнге заңды белшесінен басып жүрген сақшыларды анықтап, заңға сай жазалау керек! Сонда ғана, бүтін бір Елдің, қараша халықтың полицияға деген сенімі ұялап, құрметі артады!

Тобықтай түйін - Ішкі істер органында жүйе өзгеруі керек! Ащы болса да - ШЫНДЫҚ!

Ол үшін ең бірінші осы уақытқа дейін Қазақстандағы Полицияның кем-кетігі…жемқорлығы, тәртіпсіздігі, бұзақылығы - қылмыстары т.с.с олқылықтарға оп-оңай жол беріп және онымен күресудің орнына, көз жұмып отырған Арман Саданов мырзаны дер кезінде қызметінен алуыңызды сұраймын!

Бұл - Халықтың сұранысы!, - деп жазды Айгүл Орынбек.