Шыңғыс Айтматов дипломатиялық қызметтен кетеді

"Мен дипломат ретінде жиырма жылға жуық қызмет атқардым, бұл жұмысты аяқтайтын кез келді",- деді Қырғызстанның халық жазушысы, Қырғызстан Республикасының Франция және Бенилюкс елдеріндегі төтенше және өкілетті елшісі Шыңғыс Айтматов. Оның айтуынша, ол қызметтен кету туралы өтінішті үстіміздегі жылдың аяғында - келесі жылдың басында жазып, артынша отанына қайта оралмақ.

Шыңғыс Айтматов дипломатиялық қызметін тастағаннан кейін әдеби шығармашылықпен айналысады. Ол сондай-ақ, қазіргі уақытта Ресейде ол туралы деректі фильмнің, ал "Луч" студиясында "Белое солнце Чингисхана" романы бойынша көркем фильмнің түсіріліп жатқандығын хабарлады. Сонымен қатар, Ш. Айтматовтың айтуынша, Қазақстанда "Хош, Гүлсары" повесті бойынша фильмнің түсірілімі аяқталып қалған.

Ш. Айтматов дипломатиялық қызметті 1990 жылы бастап, сол кезде КСРО-ның Люксембургтегі елшісі болып тағайындалды. 1991 - 1994 жылдары ол осында Ресейдің елшісі болды. Ал одан әрі Қырғызстанның Бельгиядағы, Нидерландыдағы, Люксембург пен Франциядағы өкілі болып қызмет атқарған. Сонымен қатар, Ш. Айтматов басқарған елшілік Қырғызстан Республикасының ЮНЕСКО жанындағы, Дүниежүзілік кеден ұйымының, Халықаралық арбитраждық сотының, басқа да бірқатар халықаралық ұйымдардың тұрақты өкілдігінің функциясын атқарды.


Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті