СІМ басшысы премьерге Қазақстанның жаңадан ашылатын елшіліктері туралы баяндады

Бұл туралы премьер жұма күні Twitter-дегі жеке парақшасында жазады.

«Сыртқы істер министрі Ержан Қазыханов шетелдерде елшілік ашу және барларын кеңейту жөнінде баяндады», - делінген премьердің «Вконтакте» желісіндегі жеке парақшасында.

«Қазіргі кезде Қазақстанның 56 мемлекетте 75 мекемесі бар. Қазақстанда шетелдердің 107 өкілдігі аккредиттелген. 17 мемлекет біздің елде құрметті консулдығын ашқан. Республикада БҰҰ, ЕҚЫҰ, Дүниежүзілік банк, Еуропалық даму және қайта құру банкі т.б. сияқты халықаралық ұйымдардың және қаржылық институттардың 20 өкілдігі бар»,- делінген мәтінде.

Сондай-ақ Е. Қазыханов Өзбекстанда ұсталған қазақстандық туристер туралы хабардар етті.

Бұрын хабарланғандай, Қазақстанның Өзбекстандағы елшілігі кешегі бейсенбі күні сол елдің СІМ-не нота жолдап, онда қазақстандық альпинистерге қатысты түсініктеме беруін сұраған.

Еске салсақ, Өзбекстан билігі сол елдің территориясына кездейсоқ кіріп кеткен қазақстандық альпинпистерді шекараны заңсыз өтті деп айыптап отыр.

8 жасөспірім және 4 ересектен тұратын топ 10 шілдеде Шымкенттен жолға шығып, Сайрам шыңына дейін бармақшы болған. Бірақ 14 шілдеде оларды Өзбекстан территориясында шекарашылар ұстаған.