СІМ: Студенттердің ұсталуына байланысты Қазақстан Мысырға наразылық нотасын жолдады

"Ұсталудың мән-жайы, себептері мен азаматтарымыздың қайда екені туралы мысырлық тараптан ресми хабарлама әлі алған жоқпыз. СІМ басшылығы және Мысырдың құқық қорғау органдарының өкілдерімен бірнеше мәрте, күнделікті келіссөз жүргізгенімізбен, еш нәтиже бермеді", — деді Жайнақов сейсенбі күні тілшілерге. 

Оның сөзіне сүйенсек, осыған байланысты Мысыр СІМ-ге ресми түрде наразылық нотасы жолданған. 

"Дәл сондай нота Қазақстандағы Мысыр ісі бойынша уақытша сенімді өкіліне де берілді. Біз Мысырдың ресми билік өкілдерінен қазақстандық азаматтардың ұсталуының мән-жайын түсіндіруді және ұсталғандар мен Қазақстанның Мысырдағы елшілігі консулдары және дипломаттары арасында байланыс орнатуды талап етіп жатырмыз", — дейді Жайнақов. 

Бұдан бұрын хабарланғандай, Абылайхан атындағы университеттің екі магистранты 11 шілдеде екі айлық тіл курсын өту үшін Каирға барады. Олар төрт қазақстандық студентпен бірге бір пәтерде тұрып, бір жерде білім алады. 20 шілдеде олармен байланыс үзілген. 25 шілдеде алты студентті мысыр полициясы ұстағаны белгілі болды, бірақ себептері әлі анықталған жоқ. Құқық қорғау органдары алты студенттің аман-есен, қауіпсіз жерде екенін ғана хабарлады.