Сингапур Олимпиадасындағы жүлдегерлеріміздің алғашқы тобы Алматыға оралды

Еліміздің жастар құрамасындағы зілтеміршілер Зүлфия Чиншанло мен Рүстем Сыбай ауыр атлетикадан ҚР-ның бас бапкері Алексей Нимен бірге таң ата Алматы әуежайына келіп қонды. Олимпиада жұлдыздарын әуежайда ҚР Ауыр атлетика қауымдастығы өкілдері мен ауыр атлетикадан Азия чемпионы Бақыт Ахметов және БАҚ өкілдері салтанатпен қарсы алды.

«Біздің зілтемірші атлеттеріміз жақсы өнер көрсетті деп бағалаймын. Мұндай жетістікке жетеміз деп ойламаған едік. Біздің алға қойған мақсатымыз тек Олимпиадаға барып танысып қайту болатын. Бірақ жүлделі орынға мүмкіндік болған соң барымызды салып, нәтижесінде үш атлетіміз де жүлделі қайтты. Бұл біздің алғашқы қадамымыз. Алдағы уақытта әлі талай жүлделермен ораламыз», деді Алексей Ни. Сонымен бірге, бас бапкер Олимпиаданың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті.

Қалған жеңімпаздар мен басқа да атлеттер осы айдың 28-і күні елге оралады.