Сингапурлық кәсіпкерлер Қазақстан экономикасының түрлі салаларындағы үлес салмағын арттыруға әзір

Алматы қаласы әкімінің бірінші орынбасары Қайрат Бөкеновпен кездесу барысында сингапурлық кәсіпкерлер Қазақстандағы инвестициялық ахуалға және шетелдік компаниялардың елдегі іс-қызметін реттейтін заңнамалық нормаларға қатысты жалпылама мәселелерді талқылады. Сингапурлық кәсіпкерлердің басым бөлігі Қазақстанға алғаш рет келіп отыр.

Сингапурлықтар көбінесе фармакология, құрылыс және мұнайгаз рыноктарына қатысу мүмкіндігіне қызығушылық танытты. Қазақстан Сингапурдың экономикалық жетістіктері тәжірибесіне қызығушылық танытатынын атап өткен Қ.Бөкенов, дейтұрғанмен, Қазақстан үшін қазіргі заманғы технологияларды тартудың айрықша маңызды екеніне тоқталды.
2004-жылдың алғашқы жартысында Сингапурдағы экономикалық өсім қарқыны 9,1 процентті құрады. Қала-мемлекеттегі бір ерекшелік - саяси тұрақтылық пен көбінесе экспортқа ден қойған экономиканың тез қарқынмен дамуы болмақ.
Қазақстан мен Сингапур арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық деңгейі айтарлықтай өсе қойған жоқ. 2003-жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 13 млн. доллардан шамалы ғана асты. Алайда, тараптардың пікірінше, іскерлік өкілдерінің өзара тиімді ынтымақтастыққа деген қызығушылығы үлкен.