Синоптиктер 2016 жылдың 22-24 желтоқсан күндеріне арналған ауа райы болжамын жария етті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі "Қазгидромет" РМК өкілдеріне сілтеме жасап.
Синоптиктердің мәліметінше, Карск теңізінен келген Арктикалық ауа Қазақстанның солтүстік аудандарына жетіп, күшті аязға себеп болып отыр. "Бұл аяз климаттық нормадан 5-15 градусқа төмен. Алдағы үш тәулікте оңтүстік-шығыс бағытында жылжи отырып, біртіндеп республиканың барлық облыстарын қамтитын болады. Аязға қар жауу мен бұрқасын қосылып, бұл ауа-райын тіпті күрделі және қауіпті етеді", - деп хабарлады мамандар.
Айта кетейік, осыған дейін Астанада 33 градусқа дейін аяз болатыны хабарланған болатын. Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, желдің күшеюіне және жолдың нашар көрінуіне байланысты халықаралық тасжолдар мен республикалық маңыздағы магистральдарда енгізілген шектеу сақталуда.