Сирияда химиялық қару қолданды деген күдікті ақпарат расталған жағдайда, бұл адамзатқа қарсы жасалған қылмыс ретінде қаралуы тиіс - ҚР СІМ

Осы ақпарат расталған жағдайда, бұл адамзатқа қарсы жасалған қылмыс ретінде қаралуы тиіс. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігі таратқан мәлімдемеде айтылған.

«Біз Сирия Үкіметін сол елде химиялық қаруды қолданғаны туралы хабарламаны тексеру үшін жұмыс жасап жатқан БҰҰ сарапшылар тобына толығымен қолдау көрсетіп, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге шақырамыз. Кінәлі тұлғаларды анықтап, осындай жағдай болашақта қайталанбау мақсатында және адам қазасына жол бермеу үшін барынша шара қабылдау қажет деп санаймыз»,- делінген мәлімдемеде.

Сонымен қатар онда Қазақстан халықаралық қауымдастықты төзімділікке, ал бұл жағдайды бағалау барысында БҰҰ сарапшыларының соңғы қорытындысын басшылыққа алуға шақыратындығы айтылған.


«Жалпы, Сириядағы созылмалы және қантөгіс қақтығыстың шектен шығып бара жатқанын және тез арада шешуін талап ететінін атап өтеміз. Орын алған жағдай халықаралық қауымдастықтың күш-жігерін біріктіруге және Сириядағы зорлық-зомбылықты тоқтату мақсатында үйлестірілген ортақ ұстанымға шақырады»,- делінген ҚР СІМ ақпаратында.