Елге оралып, бала-шағасын Сирияға ертіп кетпек болғанда ұсталған олар былтырдан тергеу абақтысында жатыр. Лаңкестік әрекеттері үшін жауап берген қос күдіктіден бөлек, айыпталушылар орындығына тағы екі адам отыр. Соңғыларының нақты қандай қылмыстары үшін жауапқа тартылып жатқаны әзірге белгісіз. Анығы, Борис есімді Мырзабаевтардың үлкені 30 жаста, бұрын сотталмаған екен. Ал оның 87 жылғы інісі Абусалам осыдан 4 жыл бұрын алаяқтығы үшін екі жыл жазасын өтеп шығыпты. Өкінішке қарай, тілшілер судья үстеліндегі ондаған томға жүк болған істің барысын сол күйі тыңдай алмады. Себебі, соттағы барлық тараптар отырысты камераға түсіруге үзілді-кесілді қарсы шықты.