Бұл материалда Caravan.kz медиа порталының тілшісі өзінің жеке тәжірибесіне сүйене отырып, МӘМС жүйесін қалай дұрыс пайдалану керектігін және барлық мүмкіндіктерді қолдана отырып денсаулықты қалай тегін тексеруге болатынын өте қарапайым тілде түсіндіреді.
МӘМС дегеніміз не?
МӘМС - ел азаматтарының, жұмыс берушілердің және мемлекеттің жарналары есебінен қаржыландырылатын мемлекеттік медициналық сақтандыру жүйесі. Қазақстанда аталмыш жүйе 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап толыққанды іске қосылды.
Әлемнің көптеген елдерінде ұқсас жүйе бұрыннан қалыптасқан. Біздің елде оның енгізілуі өте орынды әрі уақытылы болды. Нәтижесінде халық сапалы медициналық қызметке табысына қарамастан тең дәрежеде қол жеткізе алатын жағдайға жетіп отыр.
Бұл жүйе кімдерге арналған
МӘМС барлық азаматтарды қамтиды, десе де олар бірнеше санатқа бөлінеді.
Сақтандырылған азаматтар:
Жеңілдік санаттары (олар үшін жарнаны мемлекет төлейді):
Қарапайым тілмен айтқанда, сіздің ресми жұмысыңыз болса, сіз үшін жұмыс беруші ай сайын белгілі бір мөлшерде жарна төлейді, ал егер жеке кәсіпкер болсаңыз, өзіңіз төлейсіз, ал жеңілдік санаттарының біріне кірсеңіз, сіз үшін мемлекет төлейді. Осылайша сол төлемдердің есебінен қажетті медициналық қызметтерді тегін ала аласыз.
Емделуді қалай бастаймыз?
МӘМС не екенін түсіндірдік, енді осы мүмкіндікті қалай қолдануға болатынына көшейік. Ең алдымен мәртебеңізді анықтап алу қажет. Яғни сіздің статусыңыз «сақтандырылған» деп көрсетілуі керек. Оны бірнеше минутта тексеруге болады:
«eGov mobile» қосымшасына кіріп, «Профиль» - «Денсаулық» батырмасын басасыз да, өз мәртебеңізді текеріңіз. Немесе «Damumed» қосымшасына кіріп, «Менің деректерім» - «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының деректері» батырмасынан да мәртебеңізді көре аласыз.
Соңғы 6 ай ішінде тұрақты жарналар түсіп отырса, сіз медициналық қызметтерді толық көлемде пайдалана аласыз. Осылайша, сіз жалақыңыздан ай сайын МӘМС жарналарын төлеп келесіз, демек денсаулыңыңызды тегін тексеруге толық құқығыңыз бар.
Мәртебеңізді анықтап, соңғы 6 айдағы жарналарыңызды тексеріп болған соң емханаға тіркелуіңіз керек. Осы жерде айта кетеін жайт бар, көпшілік тіркелген немесе тұрғылықты мекенжайы бойынша ғана емхана таңдауға болады деп ойлайды. Алайда, МӘМС жүйесіне мемлекеттік ұйымдармен қатар көптеген жеке клиникалар да қатыстады. Олардың көпшілігінде «еркін тіркелу» жүйесі бар. Яғни, мекенжайыңызға қарамастан, сіз өзіңізге ұнайтын, дәрігерлері туралы білетін клиниканы таңдай аласыз. Ең бастысы - аталмыш емхана осы МӘМС жүйесіне қатысуы шарт.
Емханаға қалай тіркелеміз?
Қазір цифрландыру дәуірінде барлығын үйден шықпай, онлайн жасауға болады. Ол үшін eGov mobile қосымшасы немесе сайты арқылы:
Жауап 1-3 жұмыс күні ішінде келеді. Егер қандай да бір себеппен өтініміңіз қабылданбаса, (медициналық ұйымның жүктемесіне байланысты болуы мүмкін), басқа поликлиниканы таңдауға болады. Әдетте еркін тіркелу еш кедергісіз жүзеге асады.
Сәтті тіркеліп, жауап алған соң, келесі маңызды қадам - терапевтке жазылу. МӘМС арқылы мамандандырылған дәрігерлерге қаралу тек терапевт арқылы жүзеге асады. Сондықтан тіркеу бөліміне барып, немесе телефон арқылы жазылыңыз. Ол бірнеше аптаға созылуы мүмкін, десе де ол жаман емес. Денсаулығыңыз қатты сыр бермесе, күте тұруға болады, егер асқынып кеткен жағдайда күте алмасаңыз, онда ақылы түрде кезексіз қарала аласыз.
«Мен барып жүрген жеке клиникада қазір екі тіркеу бөлімі жұмыс істейді. Былтыр біреу ғана еді, сондықтан ұзын кезекте тұрып, көп уақыт кететін. Қазір МӘМС арқылы келушілерді бөлек қабылдайды, осылайша жеңілдетіп қойған. Мүмкін басқа емханаларда да осындай жағдай жасалған болар».
Жазылған күні терапевтке кіріп, барлық шағымдарыңызды айтасыз. Немесе ұзақ уақыт бойы дәрігерге қаралмағаныңызды айтып, толық тексерілейін деген едім десеңіз де болады. Терапевт қажетті тексерулерге және мамандарға жолдама береді.
МӘМС аясында көптеген медициналық қызметтер тегін көрсетіледі. Атап айтқанда:
«Менің жағдайымда, кейбір мамандар болмағандықтан, КТ, МРТ өту үшін жолдама арқылы басқа емханаларға бардым. Қазір кеңейтілген ФГДС (фиброгастродуоденоскопия) өту үшін, және жүрегімді тексеруге жолдама алдым, бірақ тек мамыр айының ортасында барамын. Ол да МӘМС аясында тегін болғандықтан, күту керек. Бастысы, жолдаманы дұрыс жазып беруін мұқият тексеріп алыңыз".
Медициналық ұйымдар бір-бірімен өзара байланыста жұмыс істейді және науқастарды қажетті жерге бағыттай алады.
«Соңғы 7 ай бойы емделіп жүрмін. Осы уақыт ішінде ешқандай мәселе туындамады. Барлық мамандарға қаралдым, талдауларды тапсырдым. Сондықтан МӘМС жүйесі жұмыс істейтініне толықтай көзім жетті. Осы уақытта қалтамнан тиын шығармадым, тек дәрі-дәрмекке жұмсадым».
Жұмыс беруші МӘМС төлеуге міндетті ме?
Егер сіз ресми түрде жұмыс істесеңіз, жұмыс беруші сіздің атыңыздан МӘМС жарналарын аударып отыруға міндетті. Бұл талап Қазақстан Республикасының заңнамасында нақты бекітілген. Яғни ресми еңбек шарты бар әрбір қызметкер үшін медициналық сақтандыру жарналары уақтылы және толық төленуі тиіс.
Егер жұмыс беруші жарналарды аудармай жүрсе, бұл заң бұзушылық болып саналады. Мұндай жағдайда азаматтың медициналық сақтандыру жүйесіндегі мәртебесі «сақтандырылмаған» болып көрінеді, соның салдарынан ол тегін медициналық қызметтерді пайдалану мүмкіндігінен айрылуы ықтимал.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 92-бабына сәйкес, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналарын аудармау немесе уақтылы төлемеу әкімшілік құқық бұзушылық болып табылады және ол үшін ескерту немесе айыппұл түріндегі жауапкершілік көзделген.
Егер осындай жағдай анықталса, алдымен өз мәртебеңізді eGov mobile немесе Damumed қосымшасы арқылы тексеру қажет. Мәртебеңіз "сақтандырылмаған" деп шықса, жұмыс берушінің бухгалтерия бөліміне жүгініп, жарналардың не себепті аударылмағанын нақтылау керек. Егер мәселе шешілмесе, Еңбек және әлеуметтік қорғау органдарына немесе Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына ресми түрде жүгінуге құқыңыз бар. Сондай-ақ eOtinish платформасы арқылы өтініш қалдыруға болады.
Денсаулық - бірінші байлық
Денсаулық әрқашан бірінші орында болуы керек. Алматының экологиясын ескерсек, міндетті түрде толық тексерістен өту шарт. Өкінішке орай, көпшілік денсаулығы сыр бергенде жүгіре бастайды, ал ол кезде ұзақ күте алмағандықтан, ақылы өтуге мәжбүр. Барлығын уақытылы істесеңіз, ақшаңызды үнемдеп, жүйкеңізді жұқартпайсыз.
Орта есеппен алғанда, қазақстандықтар МӘМС үшін айына 5-10 мың теңге төлейді. Алайда бір рет дәрігерге қаралау, КТ немесе МРТ құны бұл сомадан бірнеше есе жоғары болуы мүмкін. Яғни, сіз төлеп отырған шағын жарна іс жүзінде қымбат медициналық қызметтерді тегін алуға мүмкіндік береді. Сондықтан мұндай мүмкіндікті жіберіп алмай, уақытылы қолдануға кеңес береміз.