Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.
Бұған дейін саясаткердің Абай Құнанбайұлы туралы айтқан пікірі әлеуметтік желіде қызу талқыланған болатын. Осыған байланысты партия төрағасы өз сөзінің мәнін түсіндіріп, Абайдың шығармасынан мысал келтірді.
“Абайды Абай қылған Құнанбайдың малы” деген бір ауыз сөзім үлкен пікірталасқа айналыпты. Біреулер сөздің мәніне емес, “мал” деген бір сөзге жармасып жатыр екен. Ендеше, Абайдың өзіне жүгінейікші.
Абай қазақты түзеуге қам жеген адамға екі нәрсе керек дейді: “Қазаққа ақыл берем, түзеймін деп қам жеген адамға екі нәрсе керек. Әуелі - бек зор өкімет, жарлық қолында бар кісі керек. Үлкендерін қорқытып, жас балаларын еріксіз қолдарынан алып, медреселерге беріп, бірін ол жол, бірін бұл жолға салу керек, дүниеде көп есепсіз ғылымның жолдары бар, әрбір жолда үйретушілерге беріп, сен бұл жолды үйрен, сен ол жолды үйрен деп жолға салып, мұндағы халыққа шығынын төлетіп жіберсе, хәтта қыздарды да ең болмаса мұсылман ғылымына жіберсе, жақсы дін танырлық қылып үйретсе, сонда сол жастар жетіп, бұл аталары қартайып сөзден қалғанда түзелсе болар еді.
Екінші - ол адам есепсіз бай боларға керек. Аталарын паралап, балаларын алып, бастапқы айтқандай жолға салып, тағлым берсе, сонда түзелер еді”. Мәселенің түйіні осы", - деп жазды ол.
Қожаназаровтың айтуынша, бұл жерде байлық мақсат емес, білім алуға және мүмкіндіктерді пайдалануға жол ашатын құрал ретінде қарастырылған.
"Мал - мақсат емес, мүмкіндік. Дәулет - ақыл емес, бірақ ақылдың біліммен шыңдалуына жол ашатын құрал. Құнанбайдың дәулеті Абайға талант берген жоқ. Бірақ сол таланттың ашылуына қажетті білімге, ортаға, мүмкіндікке жол ашты.
Қазақ тарихында да ауқатты азаматтар мектеп ашып, баспасөз бен ағартушылықты, елдік істерді қаржыландырды. Кеңес өкіметінің тәркілеуді ең алдымен ірі байлардан бастауы да тегін емес. Өйткені дәулет - экономикалық дербестік, мүмкіндік және ықпал еді.
Сондықтан “Құнанбайдан да байлар болды, неге бәрінен Абай шықпады?” деген уәж әлсіз.
Мал талант тудырмайды - талантқа мүмкіндік береді. Ақша ақыл бермейді - білімге жол ашады. Байлық адамды ұлы етпейді - бірақ дұрыс жұмсалса, ұлы мұратқа қызмет етеді. Сондықтан сөзді бұрмалаудың қажеті жоқ.
Сіздер Айдарбектің емес, Абайдың сөзін бұрмалап жатсыздар. Ал “есепсіз бай боларға керек” деген сөзбен келіспесеңіздер - Айдарбекпен емес, ар-ұятты ысырып қойып Абай атамызбен дауласыңыздар", - деп жазды Айдарбек Қожаназаров.