Словакиялық маман Йозеф Вукушич «Шахтердің» бас бапкері атанды

Бүгін команданың жаңа жаттықтырушысын «Шахтер» ФК атқарушы директоры Владимир Нидергаус таныстырды. Ол бірқатар үміткерлермен  келіссөз жүргізілгенін, бірақ көп таңдаудың болмағанын айтты.

«Басқа үміткерлер өз мамандарын тартуды талап етті, бірақ оған түбегейлі келіскен жоқпыз. Біз  негізгі құрамға да, клубқа да, футбол орталығына да жергілікті мамандарды көбірек тартуға басымдық береміз», - деді В. Нидергаус.
Ол Вукушичті кәсіби, тәжірибелі маман деп таныстырды. Словакияда жастар құрамасын басқарған. Халықаралық тәжірибесі де бар. Ливияда екі жыл,   ОАР-да екі жыл жұмыс істеген. Германияда алған PRO лицензиясы бар.

Атқарушы директор жаңа маусымдағы команданың міндеттерін ашып айтпады.


Бүгін «Шахтер» командасы 25 қаңтарға дейін созылатын Сәтпаев қаласындағы бірінші оқу-жаттығу жиынына барады. Жаттығу аясында қарағандылық футбол мектебінің тәрбиеленушілері ішінен үміткер таңдап алу жоспарлануда. Өзін жақсы жағынан көрсеткен үміткерлер Түркияда өтетін келесі жаттығу жиынына жіберіледі.