Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Caravan.kz медиа-порталы.
Сарыағаш дегенде Судан бұрын Смановтар әулеті есіме түседі. Кеңестік кезеңдегі атеистік дәуірде Қазақтың рухани өзегі, имани нәрі, мұсылмандық қалпы үзілмей, сақталып қалса, ол осы ишандардың тақуалығы мен дұғасының, еңбегі мен құлшылығының себебінен деп білемін. Шәкір ишанның дінге қызметінің, құранға деген құрметі мен сүннетке деген сүйіспеншілігінің жемісі - артындағы төрт перзентінің салихалы болып, қазаққа жасаған еңбегі. Бұл әулеттің бата қонған, дұға дарыған, Хақтың нұры, таңдауы түскен әулет екеніне талай көзім жеткен!
Дін саласында Смановтар әулеті Сарағаштың ғана емес, бар Алаштың "визитная карточкасы" іспетті еді. Бұл ұстаздарды Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Ресейдің дін ғұламалары мойындап, ерекше құрметтейді. Бағасын білмей жүрген біз ғана.
Төрт ұлдың үшеуі Раббысына қайтты. Әуелі, Әбдішүкір ағамыз, одан соң Әбдісаттар ұстаз, бүгін, міне, ең кенжесі Әбдіғаппар ағамыз елу жасында өмірден өтті. Ата-ананы сыйлап-құрметтеуді әр уағызында тастамайтын Әбдіғаппар ұстаз ана сыйлаудың да, аға сыйлаудың да ұлы үлгісін көрсетіп кетті. Әбдіжаппар ағамыз ауруханада жатыр. Алла шипасын берсін! Жаппар иеміз Жар болсын!
Олар Төртеу еді,
Бір бауыры - кеменің Желкені еді,
Бір бауыры - мінездің Көркемі еді.
Бір бауыры - ғылымның Өркені еді,
Ең кенжесі Шәкірдің "Тентегі" еді.
Олар Төртеу еді,
Төртеуі де Хас Батыр, Еркек еді!
Төрт Қазыққа төртеуін ел теңеді!
Сарыағаштың Мешіті, Медресесі -
Қазақ Руханиятының ертеңі еді.
Олар Төртеу еді,
Хақтың құлы, елінің Еркелері,
Имамдары, көш бастар Серкелері!
Қалың елі ажалға қимай-қимай,
Өкініштен өзегі өртенеді!
Олар Төртеу еді,
Тағдырлары соншалық келте ме еді?
Неге, неге жақсылар ерте өледі?
Ел алдында ақ жүзді, ардақтылар,
Алла алдында болсыншы Мәртебелі!
Олар Төртеу еді,
Әбдішүкір - жарқ еткен семсер еді,
Әбдіжаппар - ишанға ел сенеді.
Әбдісаттар - ғалымның ең Кемелі,
Әбдіғаппар - білімнің Кертөбелі!
Медресе мен Дін еді кеңселері,
Таухидпенен тік еді еңселері.
Қажыекеңнің қайысып қайғысынан,
Қазықұрты Қазақтың теңселеді.
Олар Төртеу еді...
Еске салсақ, бірнеше күн бұрын белгілі уағызшы Әбдіғаппар Сманов 50 жасында кенеттен өмірден озған еді. Ал оның жаназасына шектеулерге қарамастан мыңдаған адам жиналған болатын. Әбдіғаппар Сманов түрлі тақырыпта уағыздар айтып, елге танылған болатын. Оның айтқан сөздері әлеуметтік желіде көптеп таралған.
Сманов Абдуғаппар Шәкірұлы
1970 жылы 22 ақпанда дүниеге келген.
Білімі: Жоғары
Еңбек жолы:
1994 жылдан бастап «Таяқты Ешан» мешітінде бас имам болып,
«Таяқты Ешан» мешіті жанындағы « Убай ибн Кааб» медресесінде ұстаздық қызметін қатар алып жүрді .
2010 жылдан бастап «Сарыағаш медресесінің» директорының орынбасары.
2016 жылдан «Сарыағаш медресе колледжі» директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып тағайындалды.
2016 жылы желтоқсан айынан бастап «Сарыағаш медресе колледжінің» директоры лауазымын алды