Сочи қаласында ЕурАзЭҚ-қа мүше елдердің шекаралық мәселелер жөніндегі кеңесінің кезекті отырысы өтеді

Отырыстың күн тәртібіне Қоғамдастыққа мүше бес мемлекет арасындағы шекаралық ынтымақтастықтың түрлі салаларына қатысты он шақты мәселе қамтылған. Мәселен, шекаралық мекемелердің ақпараттық ресурстарының құқықтық режимі туралы келісімнің жобасын, сондай-ақ, қандайбір дағдарысты ахуалда сыртқы шекара учаскелерінің қорғанысын күшейту үшін құрылатын ЕурАзЭҚ елдерінің шекаралық топтары туралы ережелер жобасын талқыға салу көзделген. Бас қосуда бұған қоса Қоғамдастық елдерінің сыртқы шекараларында трансшекаралық ұйымдасқан қылмыстар, халықаралық лаңкестік, контрабанда түрлерінің, қару-жарақ, есірткілік және психотроптық заттардың заңсыз айналымы, заңсыз көші-қон мен басқа да заң бұзушылық оқиғаларының алдын алуға бағытталған арнаулы шекаралық операцияларды өткізу және оларды жоспарлау жайында сөз қозғалады.

ЕурАзЭҚ-тың стратегиялық мақсаты - біртұтас экономикалық кеңістік құрып, соның аясында әріптес-мемлекеттердің шекаралары арқылы тауар, капитал, қызмет түрлері мен жұмыс күшінің еркін қозғалысын жүзеге асыру болмақ. Сол себепті де Қоғамдастық іс-қызметі аясында шекаралық саясат мәселесіне басым маңыз беріледі,- деп мәлімдеді шекаралық мәселелер жөніндегі кеңестің отырысы алдында ЕурАзЭҚ-тың бас хатшысы Григорий Рапота.
ЕурАзЭҚ-қа Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан енеді. Қоғамдастық жанындағы бақылаушы мәртебесіне Армения, Молдова және Украина республикалары ие.
Шекаралық мәселелер жөніндегі кеңес дегеніміз ЕурАзЭҚ-тың көмекші органы. Ол шекара саласында өзара келісілген саясат жүргізу жобасын жасаумен шұғылданады. Оның құрамына Қоғамдастық елдерінің шекаралық мекемелерінің жетекшілері енеді.