Ванкувер олимпиадасының күміс жүлдегері Елена Хрусталева 7 жарым шақырымдық спринтте 57-орынды місе қылды. Бұл біздің биатлоншылар арасындағы ең жоғары көрсеткіш. Шаңғымен құлдилап сырғанаудан сынға түскен жерлестеріміз де жарытқан жоқ. Олардың ең алды болған Игорь Закурдаев 33-ші орыннан табылды. 30 шақырымдық скиатлоннан жарысқан ерлер бәсекесінде ұлттық құраманың лидері Алексей Полтораниннің аяқ алысын байқадық. 68 үміткер жарысқан сайыста үкілеп қосқан үмітіміз мәре сызығын 17 кесті.
Бүгін Сочиде биатлон, фристайл, шорт-трек, тау шаңғысы және конькимен жүгіруден бес медальдар жиынтығы сарапқа салынады. Шорт-трекшілер Айдар Бекжанов пен Денис Никиша 1500 метрлік қашықтықта іріктеуден өте алмады.
Ал 12 жарым шақырымды құрайтын пасьютте Қазақстан атынан қос биатлоншы қатысады. Олар - Ян Савицкий мен Сергей Наумик. Конькимен 500 метрге жүгіруден ел намысын Роман Керч, ал могулдан сынға түсетін ерлер додасында Дмитрий Рейхерд, Павел Колмаков және Дмитрий Бармашов қорғайды. Әзірге командалық есепте 2 алтын 2 күміс және 1 қола иемденген Канада құрамасы көш бастап келеді. Қос алтыннан олжалаған Норвегия мен Голландия екінші және үшінші орындарды бөлісіп тұр.
Баскетболдан ВТБ біріңғай лигасында өнер көрсететін “Астана” мәскеулік клуб “Химкига” ірі есеппен жол берді.
Лигада жеке дара көш бастап тұрған қонақтар алғашқы минуттан ширақ қимылдады. Астаналықтар сапында жарақат алған Дерри Джонсонның орны ойсырап тұрды. Кездесуді толықтай бақылауда ұстаған ресейліктер 69:91 есебімен жеңісті тойлады. Бұған дейін қатарынан үш рет жеңіске жеткен қазақстандық клуб осылайша өз сериясын үзді. “Астана” құрамында 21 ұпай жинаған Янис Блумс көзге түссе, “Химки” сапында 19 ұпай еншілеген Сергей Мония мергендік танытты.
Испания чемпионатының 23-ші турында «Барселона» сырт алаңда «Севильяны» 1-4 есебімен ойсырата ұтты. Бұл жеңістің арқасында каталондық клуб 57-ұпаймен көш басындағы «Реал» және «Атлетикомен» теңесті.
15-ші минутта «Севильяның» орындауындағы керемет комбинациядан кейін Альберто Мореноның жойқын соққысы ойындағы есепті ашты. Алайда «Барселона» үзіліске дейін есепті теңестіріп қана қоймай, алға шығыпта үлгерді. Алдымен Алексис Санчес мергендігімен көзге түссе, кейінірек Лионель Месси шеберлігімен танылды. Ал 56-шы минутта Андрес Иньестаның пасынан кейін Месси дубль авторы атанды. Ойын соңына қарай екінші таймда алаңға шыққан Сеск Фабрегас кездесудеге нүкте қойды. Нәтижесінде «Барселона» 57-ұпаймен алғашқы үштік қатарында болса, «Севилья» 31-ұпаймен жетінші орынға тұрақтады.