Қазақстан құрамасы өз тарихында Қысқы Олимпиада ойындарына осымен алтыншы рет қатысуға бел буып отыр. Өткенге көз жүгіртсек, жалпы Тәуелсіздік жылдарында қазақ спортшылары қысқы олимпиада ойындарының 7 медалін ел қоржынына салыпты. Оның ішінде 1 алтын, 3 күміс және 3 қола медаль бар. Еліміздің қоржынына ең көп жүлде салған спортшы - Владимир Смирнов. Ақша қар үстіне шаңғысымен мәңгілік із қалдырып, Тәуелсіз қазақ еліне 1994 жылы Лиллехаммерде өткен Олимпиада ойындарында алғаш рет Олимп алтынын сыйлап еді. Жалпы ол 4 Олимпиада ойындарында 7 мәрте жүлдегер атанған. Солардың төртеуі егеменді Қазақстан елінің еншісіне жазылды: бір алтын, екі күміс, бір қола.
2014 жылы 7 ақпан күні басталатын Сочи Олимпиадасына келетін болсақ, Қазақстан намысын аталмыш дүниежүзілік додада спорттың он түрі бойынша 50 спортшы қорғауға аттанады. Бұның алдында Ванкувердегі Олимпиадаға біздің саңлақтар спорттың 8 түрі бойынша 37 жолдама ұтқан еді.
Ресей жерінде еліміздің Көкбайрағын желбіретіп, Әнұранын шырқатуға қауқарлы үміттеріміз кімдер? Әрине, ең алдымен, 2013 жылы әлемдік додаларда қысқы спорт түрлерінен топ жарып жүрген саңлақтарға иек артамыз. Төрт жыл бойы шүмектеп төккен тердің өтеуін қайтаратын, ердің ерлігі мен елдің әлеуетін көрсететін бұл байрақты бәсекеде оза шауып, бәйге алу қай спортшының да арманы. Бұл арман Қазақ елі атынан сынға түсетін спортшыларымыздың да көкейіне үміт отын оятып, алға жетелейді.
Толағай тарланбозымыз Алексей Полторанин біздің ойымызша, биылғы қысқы Олимпиадада алтыннан алқа тағынуға әбден лайық. 27 жастағы Полторанин үшін бұл үшінші Олимпиада болмақ және ол өз күшінің енді толысқан шағында олимпиада биігін бағындыруы керек. Былтыр Полторанин өз маусымын өте сәтті өткізді. Валь-ди-Фьемме қаласында өткен Әлем чемпионатында Полторанин командалық спринт және 50 шақырымдық қашықтықта бірден екі қола жеңіп алды. Әлем кубогі кезеңдерінде де бірнеше рет жеңімпаз атанды. Бұл жетістіктерге қарап, біз Полтораниннен Сочи Олимпиадасының алтын медалін дәметеміз.
Сонымен бірге шаңғы жарысының командалық спринт түрінен Қазақстан қоржынына Полторанин мен Чеботько кем дегенде қола жүлде салуы тиіс. Классикалық стильде олар әлемнің ең мықты командаларына қарсы үлкен бәсекелестік көрсетіп жүргені мәлім. Ендеше қазақстандық шаңғышылардан үлкен үміт бар.
Қазақстанның басты үміттерінің бірі - өткен жылы Әлемдік біріншілікте алтын еншілеген конькиші Денис Кузин деуге толық негіз бар. Ол 2013 жылы 1000 метр қашықтықта алдына жан салмай, коньки спортында үлкен сенсацияның иесі атанған болатын. Сонымен қатар бұл жеңісінің арқасында Кузин конькимен жүгіру спортында біздің елімізге алғашқы «алтын» еншілеген спортшы ретінде тарихта қалды. Жақында ғана 2014 жылы Жапонияда өткен спринтерлік әлем чемпионатында жерлесіміз атақты америкалық конькиші Шани Дэвисті, Оңтүстік Корея саңлағы Тай Бум Моны шаң қаптырып, 1000 метр қашықтықта тағы да кіші алтын медальді қоржынға салды. Бағамдап отырсақ, Денис Кузин - мың метрде өзгелерден оқ бойы озық, әлемнің ең мықты спортшысы. Оған додадағы техникалық жағдайлар да көмектесуі мүмкін. Себебі Сочидегі мұз айдыны Астанадағыға өте ұқсас. Бір жүйемен жасалған. Егер Америкалық стандарттар бойынша алаң радиусы 70 метр болса, Астана мен Сочиде 90 метрді құрайды. Біздің болжам бойынша, Кузин Сочи Олимпиадасының алтын медалін қанжығасына байлап келетін болады.
Мәнерлеп сырғанаудан Қазақстан спортшысы Денис Тен 2013 жылы Канадада өткен әлем чемпионатында екінші орын алғаны есімізде. Ол кезде Денис Теннің нәтижесін қазылар алқасы алаң иесі - Патрик Чанға қарағанда қасақана кемітті деп барлық спорт қауымы шу шығарған болатын. Америкалық журналист Моника Фридлендер сол жылғы әлем чемпионатында қазақстандық Денис Тен жеңіске жетті деп ойлайтындығын айтып, халықаралық коньки федерациясы президенті Оттавио Чинкванте мен ХОК басшысы Жак Роггенің атына арнайы хат жазып, Денис Тенге алтын медаль беруді талап еткен еді.
«Біздің ойымызша, Чанға әділетсіз түрде алтын медаль берілді. Чан екінші бағдарламада екі рет құласа да алтын алды. Мұндай қателіктермен алтынды былай қойғанда тұғырға шығудың өзі әділетсіздік. Биылғы жылдың алтын медалі Денис Тенге берілуі тиіс», - деп жазылған Фридлендердің хатында.
Денис Теннің әлемдік сында алтын алу керек болғанын олимпиада чемпионы Евгений Плющенко, америкалық мәнерлеп сырғанаушылар Джонни Вейр және Тодд Элдридж де айтқан болатын.
Бірақ Д.Теннің өзі маңдай терімен табылған адал күмісті ешбір алтынға алмастырмайтындығын айтып, шүкіршілік білдірді. «Күміс медаль - Қазақстан үшін үлкен жетістік. Мен жылдар бойы әлемді, төрешілерді мойындату үшін жұмыс істедім. Ал бұл жағдайға мен ештеңе айта алмаймын. Мен күміс жүлдеге лайық болдым. Бұл - үлкен жетістік. Алтын алсам, ол кездейсоқ жеңіс болар еді. Егер америкалық журналистің хатын ескеріп, маған алтын медаль беріп жатса, бас тартпаймын. Күміс медаль Сочиде өтетін олимпиадаға күш береді, үміт сыйлайды. Егер келер жылы олимпиадада қола медаль алсам, ол мен үшін ірі жетістік болады», - деді Денис Тен басылымдардың бірінде.
Әлем чемпионатындағы осы жетістігінен кейін Д.Тен Австрияның Грац қаласында Icechallenge турнирінің қысқа бағдарламасында жеңіске жетті. Италияда «Merano Cup» халықаралық турнирінде Денис Тен тағы да 1-орынды иеленді.
Денис Тен - Қазақстанның жеті дүркін чемпионы, 2011 жылы Астана мен Алматыда өткен Азия ойындарының жеңімпазы. Ол ел біріншілігі жүлдесін алғаш рет 15 жасында ұтып алған. Спортшы қазір АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында америкалық Фрэнк Кэролл (жаттықтырушы) мен Лори Никольдың (хореограф) қарамағында жаттығады.
Сочиде барын салып жатса, олимпиада медалін мойнына ілуі әбден мүмкін. Оның құны алтын болмаса да, кемінде күміс болуы тиіс.
2010 жылы Ванкувер Олимпиадасында қазақстандық биатлоншы Елена Хрусталева күміс медаль жеңіп алды деген сүйінші хабар келіп жеткенде төбеміз көкке көтеріліп еді. 15 шақырымға жеке жарыста Тура Бергерден 20 секундқа қалып қойған ол Қазақстанға 12 жыл бойы қарасын көрсетпей кеткен ақ олимпиаданың күмісін олжалады. 2014 жылдың қаңтарында Ванкувер Олимпиадасының күміс жүлдегері спринттік жарыста Азия чемпионы атанды. Енді Сочи Олимпиадасында жүлделі орыннан көрінуі мүмкін.
Сонымен қатар фристайл-могулдан 2011 жылғы Азия ойындарының чемпиондары қазақстандық Юлия Галышева мен Дмитрий Рейхард Сочи олимпиадасында алтылыққа енуі тиіс.
Міне, Сочи Олимпиадасында өз жеңістерімен Қазақстанның мерейін дүние жүзі алдында тасытатын спортшылар осы деп есептейміз. Табан тірескен дүлей додаларда ел намысын қорғайтын ең үздік қыз-жігіттерімізге сәттілік тілейміз және бұл жарыста жаңа есімдер пайда болып, қазақ туын көкке көтеретін жастар шығып жатса, біз қуанамыз.