Коньки тебуден 10 000 метрлік қашықтыққа жүгірген стайерлер додасында голландиялықтар ерледі. Бас жүлдені Йоррит Бергсм иеленсе, екінші және үшінші орындарды Свен Крамер мен Боб де Йонг бөлісті. Біздің отандасымыз Дмитрий Бабенко марафондық дистанцияны 12-орынмен аяқтады. Шорт-тректен өткен алғашқы іріктеу раундының нәтижелері де көңілден шыққан жоқ. 500 метрлік дистанцияда сынға түскен Нұрберген Жұмағазиев пен Айдар Бекжанов ширек финалдан тыс қалды. 1000 метрлік қашықтықта бақ сынаған Инна Симонова да солардың жолын құшты.
Бүгін қазақстандық олимпиадашылар спорттың үш түрінен жарысқа түсті. Үлкен слаломда өнер көрсеткен жерлесіміз Валерия Цой ширек сынға өте алмады. Қазақстандық сноубордшы алғашқы раундтағы қос әрекеттің қорытындысы бойынша 23 орыннан көрінді.
Дегенмен бұл күні бізді қызықтырған классикалық әдіс бойынша командалық спринттен өткен шаңғышылар бәсекесі болды.
Өйткені жоспардағы тағы бір меадальды осы сыннан күткенбіз. Бірақ ел болып үміт артқан Алексей Полторанин мен Николай Чеботько жұбы жүлдеден алыс қалды. Өкінішке орай біздің шаңғышы жігіттер финалда өнер көрсеткен тоғыз құрамының арасында сегізінші орынды иеленді. Әйелдер додасында ел намысын жыртқан Елена Коломина мен Анастасия Слонова жұбы жартылай финалдан әріге бара алмады.
Футболдан чемпиондар лигасының 1/8 финалының алғашқы кездесулері ойналды. Каталондық “Барселонаны” қабылдаған “Манчестер Сити” қонақтарға 0:2 есебімен ұтылса, “ПСЖ” “Байерді” 4:0 есебімен ойсыратты. Ливеркузендегі бәсекені франциялықтар ширақ бастады.
Не бары 3-ші минутта Блез Матюиди есеп ашты. Осыдан кейін швециялық шебер Златан Ибрагимович дубль авторы атанды. Бірінші пенальтиден көзге түскен ол, артынша айып алаң сыртынан қақпаның тоғыздығын дәл көздеді. Ал бұл матчтағы қортынды есепті Йоан Кабай орнатты. Есеп 4:0 “ПСЖ”ның пайдасында. Біздің арнадағы үлкен футбол бүгін де жалғасын таппақ. Түңгі сағат 1:45 те тікелей эфирде болатын “Арсенал” мен “Бавария” арасындағы матчты жіберіп алмаңыздар.