Сочиден соңғы жаңалық

Бейсенбі күні  командалық спринттен сынға түскен шаңғышылардың   жолын тостық.  Біздің мұндағы үмітіміз соңғы жылдары үнемі жоғары орындардан көрініп келген  Николай Чеботько мен Алексей Полоторанин еді. Бірақ мақтап жүрген  қос мықтымыз  финалдық сынға қатысқан тоғыз команданың ішінен сегізінші орынды місе қылды.  Бас бәйгені финдер иемденсе, күміс медаль алаң иелеріне бұйырды.  Осы күні  биатлоннан өткен  аралас эстафетада Норвегия құрамасы өзгелерге дес бермеді.   Скандинавиялықтар сапында Тура Бергер, Тириль Экхофф, Уле Эйнар Бьорндален және Эмиль Хегле Свенсдсен төрттігі өнер көрсетті.   Күміс медаль Чехияға аттанса, Италияның еншісінде қола жүлде. 15-ші нәтиже көрсеткен біздің мылтық асынған төрттік Норвегияға алты жарым минут ұтылды.

Олимпиада ойындарының басты бәсекелерінің бірі- шайбалы хоккей. Осы сында басты фаворит саналған турнир қожайындары ресейліктер ширек финалда сүрінді.

Александр Овечкин, Евгений Малкин сынды Ұлттық Хоккей Лигасының жұлдыздары өз жанкүйерлерін жерге қаратты. Илья Ковальчук Ресейліктерді алға шығарған. Бірақ одан әріге ресейлітердің шамасы жетпеді. Юхаматти Аалтонен, Теему Селянне, Микаэль Гранлунд сынды финляндия құрамасының сайыпқырандары бір-бір шайбадан тоғытып, лайықты жеңіске жетті. Естеріңізге сала кетсек солтүстік көршілеріміз осымен үшінші рет қатарынан Олимпиадада жүлдеден қағылып отыр.       


Чемпиондар лигасының 1/8 финалы аясында мюнхендік “Баварияны” қабылдаған “Арсенал” 2:0 есебімен қонақтарға жол берді. Тура бір жыл бұрын бұл қарсыластыр 3:1 есебімен тарқасқан. Ол кезде де германиялықтар жеңіске жеткен.

Матч басталысымен лондондықтар есепте алға шығатын тамаша мүмкіндікті пайдаланбады. Месут Озилдің орындауындағы пенальтиді Мануэль Нойер қайтарған болатын. Бірінші таймның соңына қарай “Баварияға” да дәл осындай мүмкіндік туды. Арьен Роббенге қарсы тәтіп бұзған қақпашы Войцех Щесныға төреші қызыл қағаз көрсетті. Ал нүктеге жақындаған Давид Алаба 11 метрліктен мүлт кетті. 10 ойыншымен қалған алаң иелері Хосеп Гвардиола шәкірттеріне қауқар көрсете алмады. 54-ші минутта Тони Кроос мергендік танытса, кездесу аяқталуға санаулы минуттар қалғанда Томас Мюллер қортынды есепті орнатты. Қатар өткен бәсекеде “Милан” 1:0 есебімен “Атлетикоға” жол берді.